Мұрын, ауыз қуысы және құлақты заманауи әдістермен емдеу облыс орталықтарында да жолға қойыла бастады. Жаңа медициналық технологияларды қолдану арқылы ота жасауды жергілікті хирургтар президент клиникасының жоғары білікті дәрігерлерінен, Түркия, Оңтүстік Корея елдерінің мамандарынан үйренуде. Тәжирібелі хирургтардың шеберлік сабағы бүгін медициналық орталықта өтті. Операция үстелінде жатқан жасы 50-ден асқан әйел адам. Диагнозы созылмалы құлақ отиті. Дабыл жарғағының тесілуінен құлақтан ірің ағып, есту қабілеті төмендеген. Бүгін науқасқа ота жасалып, дабыл жарғағы бітелді. Бұл операция тимпанопластика деп аталады. Дабыл жарғағының жарықшағын имплант, протезбен бітейді. Шеберлік сабағын өткізген Талапбек Әженов операцияның басы-қасында жүрді. Ол медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты оторинолоринголог. Хирургтың айтуынша мұндай операция Астанада күн сайын жасалады. Адамдар арасында лор аурулары ішінде ең көп тарағаны да осы созылмалы құлақ отиті. Білікті дәрігер жас мамандарды кәсіпке баулып, тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Бүгіндікке 6 операция жасалды. Оның ішінде бір баланың диагнозы - жұтқыншақтың қатерсіз ісігі. Шеберлік сабақтарын медициналық орталықтың мәжіліс залындағы үлкен экраннан дәрігерлер, интерндер, студенттер қарап отырды. Ал ертең "Лор ауруларын емдеудегі заманауи концепциялар мен инновациялық технологиялар" тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Оған Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан өкілдер қатысады.