|
04.04.2018 | 08:34
1801

Ақтөбедегі көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр

Ақтөбедегі көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр

Ақтөбедегі көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр. Тұрғындар үйдің кіребесінен бастап табиғи газдың иісі мүңкіп тұрғандығын айтады. Кез келген уақытта жарылып кетемізбе деген жұрттың базынасына құлақ асқан жауаптылар не дейді?

Ақтөбенің қақ ортасында орналасқан мына бес қабатты үйдің тұрғындары жандарын шүберекке түйіп, зәре-құты қашып отыр. Барлығының айтатын базынасы бір. Ол - газ құбырынан шыққан улы иіске тұншығып қаламыз ба деп сескенеді. Даудың басы дәл осы үй арқылы жанында орналасқан дүкенге газ құбырының тартылуынан басталған.  Былтыр да дәл осы құбырға көлік келіп соғылып, нәтижесінде, газдың иісі шығып, көп ұзамай олқылықтың орны ретке келтірілген. Алайда, биыл да қайтып сол құбырдан шыққан иіс  тұрғындарға маза берер емес.

Тұрғындардың айтуынша, газды дүкеніне тартқызған кәсіпкер көгілдір отынмен қазір қолданудан қалған. Өйткені, қақаған қыста құбырдың өзі қатып қалса керек. Қараша қаражат төлеп қосқан құбырдың қажеті болмаса, көз алдымыздан құртсын деп қабақ шытып отыр. Ал «ҚазТрансгазАймақ» компаниясы ешқандай қауіп төніп тұрмағандығын айтқан. Оның үстіне көгілдір отынды қалаған уақытта өшіре салуға кәсіпорынның құқығы жоқ екен-мыс. 

«Газ құбырын кесіп алып тастай алмаймыз. Өйткені оның тікелей иесі дүкен басшылығы. Қоңырау келіп түскеннен кейін, мамандар барып тексеріс жүргізді. Бұған дейін орын алған олқылықтарды ретке келтіріп, көгілдір отынның құбырдан сыртқа шығуына жол берілмеді. Ал қазір дабыл қағатын еш негіз жоқ», - деді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ техникалық қызмет бөлімінің бас маманы Жұбаныш ЖӘЛІМБЕТОВ.

Осылайша, жауапты мамандар тұрғындарға алаңдайтын негіз жоқ екенін ескертумен шектелді. Әйтсе де, қолқаны қапқан улы иіспен демалып жатқан жұртты бұл сөздің  жұбатқаны шамалы. 

 

Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы Ақтөбеден 



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир