Ақтөбеліктер шомылу маусымы жабылғанына қарамастан суға түсіп жүр

10.09.2018 17:22

Жыл басынан бері облыста 15 адам суға кетіп, көз жұмды. Оның төртеуі бала. Ең көп суға бату жағдайы Ақтөбе қаласында тіркелді. Бұл жөнінде бүгін баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды Rikatv.kz.

1-ші қыркүйекте суға шомылу маусымы аяқталды. Алайда суда құтқарушылар тәртіп сақшыларымен бірге су-тоғандар маңында рейд жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Себебі, ақтөбеліктер арасында жағажайларға демалуға келіп, суға түсетіндер қатары азаймай тұр.

Әлі күндіз ауа температурасы +20, +25 градус нөлден жоғары болғанымен, түн салқын. Түнде тоңазыған су-тоғандар күндіз жылып үлгермейді. Адам салқын суға кіргенде бірден жүрегі ұстап, өліп кетуі мүмкін. Онсыз да биылдыққа 15 адамды жоғалттық. Келесі суға шомылу маусымында облыста коммуналдық жағажайлар көбейтіледі. Осы жылы аймақта 44 коммуналдық жағажай ашылды.

Құтқару бекеттерінің жауапкершілігіне берілген аймақтарда 2 ведомстволық жағажай тегін қызмет көрсетті. Олар Ақтөбе су қоймасындағы «Балдәурен» және Елек өзені бойындағы «Шаттық» жағажайы. Бұл шаралардың барлығы судағы өлім жағдайын азайтуға септік еткен. Сондай-ақ, суға шомылу маусымы басталар алдында жағажай иелері облыстық ТЖД-мен бар жауапкершілік қарастырылған келісімшарт жасасуға міндеттеледі. Төтенше жағдайлар департаменті жағажайларға арнайы нұсқаулықтар әзірлеп қойған.