Қазақстанда ақылы жолдар 11,7 мың шақырымға жеткізіледі

11.09.2018 00:20

Қазақстанда алдағы жеті жылда 12 мың шақырымға жуық жол ақылы болады. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2021 жылға дейін 7 мыңға жуық, 2025 жылға дейін 12 мың шақырым жолды ақылы етпек. Мәжілісте министрдің мұндай жоспарына сын айтылды. Төменгі палата төрағасының орынбасары Владимир Божко ақылы жолдардың тапсырылуы үнемі кейінге шегеріледі деді.  

«Республикалық маңызы бар жолдар бойынша басты мәселенің бірі – ақы алу жүйесін енгізу. Жоспар бойынша бұл жүйемен 2015 жылы 211 шақырым, 2016 жылы – 469, 2017 жылы – 5296, ал 2018 жылы тағы 480 шақырым қамтылуы тиіс еді. Дегенмен, жолды күтіп ұстауға қажетті қаржыны жинайтын ақылы жолдар тапсырылмай, созылып кетті. Осы учаскелерді іске қосу мерзімдері үнемі неге кейінге шегірілетіні түсініксіз», – деді ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир БОЖКО.

Биыл 528 шақырымдық 22 жобаны аяқтау міндеттелген. Владимир Божко Жеңіс Қасымбек пен «ҚазАвтожол» компаниясына Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас, Астана – Теміртау жолдарына ақылы жүйені енгізуді тапсырды. Ал Мәжіліс депутаты Майра Айсина күре жолдардың бойына ұялы байланыс желісі қашан тартылады деп сұрады.

«Интернетке қатысты айтар болсам, қазіргі таңда екі мобилді радиомониторинг көлігін сатып алдық. Бұл екі көлік негізгі тас жолдарда болып, қай жерде байланыс қандай дәрежеде екенін анықтады. 2G бойынша біздің қолымызда мәліметтер бар.  Байланыспен қамту деңгейі қанағаттанарлық. Десек те кей жерлерде жоғалып кетеді. 2020 жылға дейін ұялы байланыспен толығымен қамту міндеттемесі бар», – деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын ТҰЯҚОВ.