Әлемдік жұлдыздар мен фестивальдер: биыл Алматының туған күні 1 ай тойланады

17.08.2018 23:37

Алматының туған күнін мерекелеу 25 тамызда басталады. Қала күні қарсаңында алғашқы шара – ашық аспан астында өтетін дәстүрлі «Алматы Көктөбе Opera–2018» музыка фестивалі.

Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының хабарлауынша, бұл Қазақстанның оңтүстік астанасы үшін аса маңызды әрі халық сағына күтетін шараның бірі. Аталмыш фестивальде тұрғындар мен қала қонақтары қазақстандық және шетелдік опера жұлдыздарының тамаша дауысын тыңдап, әлемдік балет нөмірлерін тамашалай алады.

Биылғы «Көктөбе Opera–2018» фестивалінде италиялық тенор, «Оперный Оскар» жүлдесінің иегері Винченцо Констанца өнер көрсетіп, классикалық музыка тыңдармандарын қуантпақ. Сонымен қатар, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрі әлемдік классикалық шедеврлерді орындайды.  

«Бағдарламаға симфониялық оркестр, хор және балет қатысады. Бағдарлама екі күн бойы, 25-26-тамыз күндері Көктөбе саябағында кешкі сағат 20.00-де басталады. Ашық аспан астында болғандықтан, музыка өнерінен ләззат алам деушілер келіп тамашалай алады», – деді Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының бөлім басшысы Айнұр БАЖЕНОВА.

Қала күнін мерекелеу кезінде Алматыда жүзден аса іс-шара өтеді. Бағдарлама аясында «ARТBAT fest» заманауи өнердің халықаралық фестивалі, «Оркестрлер шеруі» яғни, ашық аспан астындағы оркестр музыкасының фестивалі қалың жұрттың көңілін көтермек. Бұдан өзге, Отбасы фестивалі және «Almaty garden show» бау-бақша халықаралық фестивалі ұйымдастырылады.

Жыл сайын Қала күні қарсаңында пайдалы жәрмеңкелерді аралап, қызықты концерттерді қалт жібермейтін тұрғындар биыл да бұл мерекенің жоғары деңгейде тойланатынынан үмітті.  

Оңтүстік астанамыздың туған күні аясында кілем бұйымдарының жәрмеңке-көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Қала күні қарсаңында Алатау ауданының 10-жылдығы аталып өтеді. Ұйымдастырушылар мегаполисте өтетін биылғы мереке бұрынғыдан өзгерек болады дейді.


Тоғжан Аман, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы