Әлеуметтік қызметкерлер пәтерлерді аралап, жұмыссыз отырғандарды тіркеп жатыр

11.06.2018 18:44


Алматыда 190 мың адамның әлеуметтік мәртебесі әлі анықталған жоқ. Жұмыспен қамту және мемлекеттік кірістер департаменті бір жылдай бірлесе жүргізген жұмыстың нәтижесінде  үйде отырған мыңдаған адам жаңа мамандық иесі атанып, алды жұмысқа тұрып та үлгерген. Тіптен кейбір такси тасымалдаушылар кәсіпкер ретінде тіркелген.

Маргарита мен Әсел осыдан жарты жыл бұрын отбасы, ошақ қасында отырған. Үй шаруашылығымен айналысқан  қос ананың әрқайсысы төрт баланың төңірегінде қарапайым тіршілік жасап жүрген едік", - дейді. Мамандығы бойынша экономист әйелдер армандарын алдыға шығара алмаған. Тек жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері ұсыныспен келгенде ғана  өмірлері  өзгере бастапты.  

«Мен жұмыспен қамту бөлімі жаңа мамандықтар бойынша тегін оқытады және қосымша шәкіртақы төлейді  дегенді өткен жылы естігенмін. Ойлана келе ақыры өмірімді өзгертуге шешім қабылдадым. Өзімнің мамандығымды жүз пайыз таптым деп айта алам. Қазірдің өзінде зейнеткерлікке дейін немен айналыса алатынымды білем. Медициналық сақтандыруымда бар»,-деді Маргарита ҚАДЫРОВА.  

Бастапқыда  жұмыссыз жан ретінде тіркелген нәзік жандылар қысқа мерзімді курстан соң шаштараз бен әрлеуші  мамандығын алып шығады. Ай сайын 16 мың теңге стипендиялары тағы бар. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері бұндай жағдай өзін өзі жұмыспен қамту, кәсіпкерлікпен айналысу, сақтандыру мен зейнетақыға қатысты жеке адамның басындағы бірнеше проблеманы бірден шешіп тастайды дейді. Өткен жылы үш мың жан жаңа мамандық иесі атанса, биыл екі жүз адам партаға қайта отырған.  

«Олар болашақта медициналық сақтандыру арқылы тегін медициналық көмек ала алады. Әрбір адамға біздің және салық органдарының адамдары барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Жұмыссыздық ретінде тіркеп, олардың әрі қарайғы өмірін жақсартуға бірлесе жұмыс жасаймыз»,-деді Алматы қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Алтынай ЖҮКЕНОВА .  

Аула, пәтерлерді аралау былтырдан бері  жасалып келеді. Осы аралықта жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері 190 мың тұрғынды тіркеп, кондитерлік, такси, бала күтуші сынды сан түрлі кәсіп иелері ретінде жұмыс тауып берген.

«Алматы қаласы бойынша 53 мың адамның статустық маңыздылығын көтеру үшін жұмыс жасалды. Салыстырмалы түрде алсақ  жалданып жұмыс істейтін 20 мың жанжы заңдастырдық.  1200 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелді»,-деді Алматы қаласы МКД бөлім басшысы Наталья БУСОВА .

Жалданып жұмыс жасап, айлығын конверт арқылы алып келген адамдар жұмыс берушімен келісімшартқа отыра алады. Орталықтың өкілдері Алматыда әлі жұмыспен қамтылмаған 20 мың жан бар,-дейді. Тіркеудегі тағы осыншама адам сырттан нәпақа іздеп кеткендіктен, тұрғылықты жерінде тұрмайтын болып шықты. Алматылықтарды жаңа мамандыққа баулып, статусын анықтау алдағы уақтта да жалғаса береді.   

Әмірболат Құсайынұлы,  Жанна Хабдулхабар, Рашид Шукуралиев, АТ