"Алғабас" ықшамауданы тұрғындарын құжат мәселесі алаңдатып отыр

22.12.2017 22:45

"Алғабас" ауданындағы апаттан үйден жаңа баспанаға көшкен тұрғындардың шешілмеген тағы бір мәселесі әшкере болды. Бұл жолы пәтер иелерін құжат мәселесі алаңдатып отыр. Су жаңа үйге сәуірде кірген тұрғындар меншік құқығы туралы құжатты әлі алмаған. Соның кесірінен тіркеуге де тұра алмай жүр екен.

"Алғабас" ықшамауданы тұрғындарын көктемнен бері құжат мәселесі алаңдатып отыр. Былтыр іргетасы сыр берген №136 үйден жаңа баспанаға көшірілген қараша, заң жүзінде ол пәтерлерге ие емес екен. Соның кесірінен, көпшілігі тіркеуге тұра алмай жүрген көрінеді. Ал, құзырлы мекемелер халыққа желтоқсанның жиырмасынан қалдырмай қолдарына құжат беруді уәде етіпті. Артынша, бұл жауаптарынан тайқып шыға келген.

«Жүрміз әлі сандалып, не тіркеу жоқ, не құжат жоқ. Мына үйді салып берді. Рахмет! Көшіп үйге орналастық. Баспана іші жылы, жақсы. Тек қолымызда құжат жоқ», - деді Зина НАГМЕТОВА.

«Жаңа үйге еш алаңсыз көштік. Бірақ, біздің қолымызға әлі күнге дейін сол үйдің иесі екенімізді растайтын құжат берілген жоқ. Тек, бұрынғы қисайған №136-шы үйден, 183-ші үйге көшті деген қағаз ғана берді», - деді Перизат САМОЛТЫРОВА.

Тұрғындардың шуын естіп, жергілікті атқамінерлер тайлы-тұяғы қалмай осында жиылды. Олар барын салып, халыққа құжат мәселесін шешудің не себепті созбаққа салынғанын түсіндіріп берді. 72 пәтерлі бұл баспана әу баста, қисайған үйдің орнына тұрғындарға өтемақы ретінде салынған болатын. Алайда, үй тұрғызылған жер телімін мердігер компания, Алматының құрылыс басқармасынан жалға алған. Кейін шарттарын дұрыс орындамай, телімді жауапты басқарма өздеріне қайтарып алған. Салдарынан, мердігерлер пәтерлерді тұрғындардың атына дер кезінде заңдастырып бере алмаған екен. Енді, сот шешімі шығып, телім қайтадан "Астана құрылыс" компаниясына 3 жылға жалға беріліпті.

«Сот арқылы жеңіп отыр. Сондықтан жер телімін 3 жыл мерзімге уақытша береміз. Сосын кейін бұлар салынған үйді өздері заңдастырып, ары қарай мына кіріп алған тұрғындарға ары қарай Тұрғын үй басқармасымен бұл сұрақтар шешіледі», - деді Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан ҚҰЛБОЛДИНОВ.

Көктемнен бастап қолданысқа берілсе де, құжаты рәсімделмеген бұл үй тұрғындарының мәселесі енді толықтай шешіледі деп сендірді жауаптылар. Құжат рәсімдеп, келісімшарт жасау үшін 2 айдай уақыт керек екен. Ал, оған дейін тіркеуде жоқ тұрғындар, өздерінің бұрынғы қисайған үйлеріне қайтадан уақытша тіркеуге тұрмақ.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы