Алматыда Алмалы ауданының тұрғындары үйлерінен шығудан қалды. Өйткені ондағы аула көлік тұрағына айналып кеткен. Пысықайлар тіпті темір тұлпарларын шыға беріске дейін қаңтарып тастайтын көрінеді. Тұрғындар түйіткілді айтып, аудандық әкімдікке талай барған. Мардымды жауап ала алмаған соң, біздің тілшілерден араша сұрады.
Алмалы ауданындағы мына үйдің тұрғындарына үйден шығу нағыз мұңға айналды. Көлік жүргізушілері үйдің кіре берісін де тұраққа айналдырып жіберген.
Александра Шнеердің бұл үйде тұрып жатқанына 30 жылдан асқан. Осыған дейін тұрғындарды ешбір түйіткіл мазаламапты. Бірақ соңғы кезде төңіректегі адамдардың барлығы осы аулаға келіп, көліктерін қаңтаруды әдетке айналдырады. Бассыздыққа көз жұма қарай алмаған Александра әлгі пысықайларға бірнеше рет ескерту жасаған. Алайда оның өтінішіне құлақ асқан жан жоқ. Енді балаларын аулаға шығаруға жүрексініп отыр.
«Балаларымызды жалғыз жіберуге қорқамыз. Себебі жоғары жылдамдықпен жүретін көлік басып кете ма деп алаңдаймыз. Жүргізушілер ойын алаңдарын қоқысқа толтырып тастайды. Одан қалды, көліктерін тура кіре-беріске қойып тастайды», - деді қала тұрғыны Алкесандра ШНЕЕР.
Бұл үйде бас-аяғы 48 пәтер бар. Көбіне егде жастағы адамдар тұрады. Қаңтарылған көліктердің кесірінен қарттар тіпті аулаға шығудан қалыпты. Сорақысы сол - көліктерді жан-жақтан келгендер қойып тастайды. Тіпті, ойын алаңқайына дейін қаңтаратын кездері болады.
«Немереммен шын айтқанда шыға алмайсың, ойнай алмайсың. Машиналарын қойып тастайды. Доп ұшып кетсе, машинаның астына домалайды. Мен оны қалай аламын? Кішкентай бала жылайды ата әпер, әпер деп. Ал қалай аласың? Міне бәрі тұр», - деді қала тұрғыны Серік ДУКУМБАЕВ.
«Көбіміз зейнеткерміз. Сондықтан біз көмек сұраймыз. Жүруге де болмайды, тұруға да болмайды. Мына жеге шығып отыратын едік. Орындыққа. Оған да шығудан қалдық. Неге? Мына ыстық болса, бензиннің иісі келіп тұрады», - деді қала тұрғыны Ұмсынай ЛҰҚМАНОВА.
Негізі бұл аумақта көлік қоятын арнайы тұрақ бар. Шамамен мың жарым темір тұлпарға шақталған. Алайда ақылы болғасын, жүргізушілердің барлығы осы үйдің ауласына қарай асығады. Амалы құрыған жұрт аудан әкімдігіне барып, талай рет шағым түсірген. Осыған дейін, түйіткілді елемей келгендер, тілшілердің араласуымен ғана мәселені жуық арада шешуді ұйғарды.
«Апта басынан Алмалы ауданы Ішкі істер бөлімінің басқармасымен бірлесе отырып, аумақты аралап комиссияға шығамыз. Сол бойынша тіркелетін болса, штрафстоянкаға алып кетіп, айыппұл салып, жұмыс істейміз», - деді Алмалы ауданы кәсіпкерлікті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гапур БАҚТИЯРОВ.
Тұрақ бойынша хабарласатын тұрғындар көп екен ауданда. 14 тамызда басталған тексеру шарасы Алмалы ауданының барлығын қамтымақ.
Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы