Алматыда салафит жігіттің алтыншы әйелі туған баласынан бас тартты​

Алматыда салафит жігіттің алтыншы әйелі туған баласынан бас тартты​
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Радикалды діни көзқарасты ұстанған алматылық өзінің өгей баласына қысым көрсеткен. Ойын баласын оқудан шеттетіп, Ислам дінін қабылдауға мәжбүрлеген жат ағым өкілі - жеткіншекке копьютер мен түрлі гаджеттерді қолдануға тыйым салған. Тіпті, сурет салып, ән тыңдауға рұқсат бермеген. Осы әрекеттердің барлығын «харам» деп, бұғанасы бекімеген баланы еркіндігінен айырған. Өрімдей баланың анасы да жат ағымның жетегінде кеткен жігіттің сөзін сөйлеп, ақыр соңында өз баласын өзектен теуіпті. Анықталғаны - баласынан бас тартқан ана салафизм ағымына ілескен жігіттің алтыншы әйелі атанған.

Жүзін жасырып, атын атамауды өтінген бұл бала қазір жетінші сыныпта оқиды. Бірақ осыдан 2 жарым жыл бұрын сабаққа ден қоюды мүлдем ұмытқан. Туған анасы жат ағымның жетегінде кеткен жігітке еріп, 6-шы әйелі болуға келісіпті. Осыдан кейін, «сақалды» өгей әке өрімдей баланың берекесін қашырады.  Жап-жақсы оқып жүрген жеткіншек аз уақытта күрт өзгеріп сала берген.  

Өрімдей баланың анасы қазір хиджап киіп, намаз оқиды. Бұрын христиан дінінде жүрген келіншек қаба сақал өсірген жігітпен танысқан күннен бастап, оның шырмауынан шыға алмапты. Өгей әкеден әбден қорлық көрген бала анасынан қайыр болмаған соң, өз әкесіне хабарласып, араша түсуін өтінеді. Осыдан кейін, жәбірленуші тарап құзырлы орындарға шағымданған екен.

«Шаңырақ» орталығының дінтанушылары арнайы өздерінің әдістерімен анықтады. Тестілеу жүргізді, түрлі сұрақтар қойды. Осы арқылы оның қазіргі кезде көп мәселе тудырып жүрген теріс діни ағымның белсенді мүшесі екендігі туралы қорытынды шығардық», - деді    Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Айдар ЕСЕНБЕКОВ.

Өздерінен өзгені харам санайтын теріс ағым өкілдері осы оқиғадан кейін «Шаңырақ» оңалту орталығының мамандарымен тілдескен. Дінтанушылар адасқандарды райынан қайтаруға тырысыпты. Бірақ мәмілеге келуден бас тартқан олар өрімдей баланы керек етпейтіндерін анық білдірген.  

Анасының серігі көрсеткен қысымға шыдамаған бала қазір өз әкесімен бірге тұрады. Аудандық сот жеткіншекті әкесіне беруді ұйғарыпты. Ал кәмелет жасына толмаған өренге өзеуреген салафиттің ісімен енді құзырлы органдар айналысады. Қазір күдікті тек жат ағым өкілі ретінде тіркеуге алыныпты. Ал санасы шырмалуға шақ қалған баланың әкесі - бұл оқиға көпке сабақ болса екен, дейді.

Анықталғаны - баланы теріс ағымға итермелеген күдікті салафиттердің ішіндегі матхалиттердің қатарынан екен. Ол Сауд Арабиясында кеңінен танылған Назратулла Әбдіқадыров мен Махмад Дильмурадтардың уағызын тыңдаған болуы керек. Былтырғы жылы бір ғана Алматыда теріс ағым ұстанған 570 адам анықталған екен. Дінтанушылардың ықпалымен олардың  жартысына жуығы дәстүрлі дін жолына түскен.

Дастан Сейілханұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы        


Новости партнеров