Елімізде мұқтаж жандарға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек берілуде

Елімізде мұқтаж жандарға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек берілуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде мұқтаж жандарға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады. Төлемді айлық табысы күнкөріс деңгейінің 50 пайызы, яғни 13 мың 663 теңгеге жетпейтін адамдар ала алады. Олардың қатарында толық емес немесе көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Айтпақшы, әлеуметтік көмек әр отбасының тапқан табысына қарай жеке есептеледі. Төлемге қол жеткізу үшін не істеу керек?

Алматыдағы мына 15 шаршы метрлік құрқылтайдың ұясындай бір бөлмеде 7 жан тұрады. Отағасы осы уақытқа дейін 5 қызды 30 мың теңгелік айлығымен әупірімдеп асырап келген. Бірақ бұл мектепте оқитын балалар үшін түкке де жетпейді, дейді Құндызай Сарбасова. Қыздардың ең үлкені 12-де болса, кішісі 6 жаста.  Енді қаңтардан бастап көп балалы отбасының кірісі арта түспек. Оларға үкімет 6 ай бойы атаулы әлеуметтік көмек ретінде шамамен 65 мың теңге төлейтін болды.

«Жетпейді. Иә, жетпейді. Күйеуімнің айлығы 30 мың теңге. Бағанағы 9 мың. Орташа есеппін 40 мың теңге, ол жетпейді. Содан кейін теледидардан осы бағдарлама шықты дегенді естідім. Жұмыспен қамту орталығы осындай бағдарлама болып жатыр дегеннен кейін естіп, барып, сөйлестім. 2018 жылы  басталған, бұл алдыңғы алып жүрген көмектеріме қарағанда ақшалай да көп. Және күйеуімді де, өзімді де жұмысқа бізге жұмыс қарастырылып жатыр», - деді  Құндызай САРБАСОВА.

Жалпы Алматыда атаулы әлеуметтік көмекке 750 отбасы мұқтаж болса, бір ай ішінде 151-і өтініш білдіріп үлгерген. Оның 92-сі қаңтардың аяғында алғашы ақшасын алады. Аталмыш жәрдемақы күнкөріс деңгейі 50 пайыздан төмен, яғни әр жан басына шаққанда табысы 13 мың 663 теңгеден аз жанұяларға тағайындалады. Нақтыласам, бір отбасында 5 адам бар делік. Жанұяның табысы айына 40 мың теңгені құрайды. Демек, бұл соманы 5 жанға бөлсек, әрқайсысына 8 мың теңгеден шығады. Күн көріс шегінің жартысына әлі 5 мың 663 жетпей тұр. Бұл отбасындағы әрбір мүшеге берілетін жәрдемақының мөлшері. Сайып келгенде, 5 адамға үкімет атаулы әлеуметтік көмек ретінде 28 мың 315 теңге төлейді. Мамандар тиісті құжаттар жинаса, оған оңай қол жеткізуге болады деп отыр.

«Жеке бастың куәлігі отбасының және де балалары болса туу туралы куәліктері керек. Және де тіркеуде тұрғаны туралы бізге анықтама алып келеді. Балалары мектепте немесе студент болса балалары, ол кісі студент осындай күндізгі бөлімде оқиды немесе стипендия алса, стипендия алады деген барлық құжаттарын алып келеді», - деді  Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік көмек көрсету бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара БАЯНОВА.

Қаперде болсын, атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз деп екіге бөлінеді. Шартсызда мүгедек жандар қамтылса, шартты да еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмыспен қамту қарастырылады.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров