Алматы облысында кәсіпорындар өнім көлемін ұлғайтқан

15.05.2017 15:02

Алматы облысында шаруа қожалықтары көбейіп келеді. Ірілі-ұсақты кәсіпорындар қазір іргелерін кеңейтіп, өнім көлемін ұлғайтқан. Өңір басшысы Амандық Баталов аймақтағы бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысып, отандық тауар шығарып жатқан іскерлерге қолдау көрсету керектігін айтты. Атап айту керек, облыстағы кәсіпорындардың жұмысы жақсарса, Алматыға да келер пайда көп. Себебі, алматылықтар тұтынатын азық-түлік пен ет өнімдері, басқа да тауар түрлерінің көбі Алматы облысынан жеткізіледі. Облыстағы кәсіп иелерін көбіне жарықтың жоқтығы мен кәріз құбырларының аздығы алаңдатып отыр. Қордаланған бұл мәселелер жуырда шешімін таппақ.          

Өнім өндіруден өзге өңірлерден көш ілгері Алматы облысында шаруа тіні ширап-ақ жатыр. Аймақ басшысы әуелі Жамбыл облысына табан тіреді. Мұнда жаңадан ет комбинаты салынуда. Оның құрылысына 2,3 млрд теңге жұмсалады. Қап қаражатты ирандық инвесторлар бөлген. Зауыт биыл күзде қолданысқа берілмек.        

Амандық Баталов ізінше жарық жабдықтары мен металл бұйымдарын шығаратын зауытқа барды. Кәсіпорында жарық диотты шырақтардың 350-ден астам түрі дайындалады екен. Арасында көшеге, кеңсе мен өнеркәсіп орындарына арналған шамдар да бар. Олар тіпті, өз өнімдерін Парсы шығанағы мен Латын Америкасына экспорттайды. Зауытта 220 адам жұмыс істейді.          

Жамбыл облысында бақ өсіру ісі де жанданып келеді. Мәселен, биыл 800 гектар аумаққа 220 мың дана жаңғақ ағаштары егілмек. Олар көшеттерді суару әдісін де жаңартыпты. Израильдық технологияны меңгергендер тек табиғи газдан тарығып отыр. Облыс әкімі бұл түйіткілді жуырда шешетінін айтты.  

«Біздің сапарымыз өте оң болды деп ойлаймын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қандай керемет істер істеліп жатыр. Бұның барлығы біздің кәсіпкерлердің арқасы. Оларға кішкене қолдау жасалса, олардан үлкен нәтиже болады», - деді Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ.

Қарасайлықтар да қол қусырып отқан жоқ. Мұндағы құс фабрикасы  өнім көлемін екі есеге ұлғайтқан. Былтыр 156 млн дана жұмыртқа өндіріп, іргедегі Ресейге, Ауғанстан мен Тәжікстанға жөнелтіпті. Отандық өнімге арабтар да қызыққан екен. Аудандағы алпауыт кәсіпорынның енді бірісі - шыны ыдыстарын әзірлейді. Зауыт биыл ғана ашылған. Сөйте тұра, көршілес елдерге тауар экспорттауды бастап кетіпті.      

«Шикізат жергілікті. Кварц құмын Қызлордадан, мәрмар ұнтағын Текеліден аламыз. Таяуда 2-ші зауытты іске қосамыз. Елімізде аналогі жоқ. Шыны құмыраларға әшекей бедерлер саламыз. Қазір 450 жұмыс істейді. 2-ші зауытқа 150 адам тағы қабылдаймыз. Жалақы 100 мыңнан асады. Жатақхана бар», - деді «Алматы Стекло» ЖШС директоры Азим АБДУЛЛАЕВ.

Осы тектес өндіріс орындарын аралаған өңір әкімі кәсіпкерлерге қолдау көрсету керектігін айтты. Аудан басшыларының жұмысы сол арқылы сараланбақ.  

Дастан Сейілханұлы, «Алматы» телеарнасы