Алматының орталығында екі қабатты ғимарат жылусыз қалды

Алматының орталығында екі қабатты ғимарат жылусыз қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының орталығында екі қабатты ғимарат жылусыз қалды. Соның салдарынан кәсіпкерлер суық нысанда жұмыс істеуге мәжбүр. Оның жылу жүйесінен ажыратылғанына екі жыл болыпты. Бизнесмендер сол уақыттан бері көмек сұрап талай табалдырық тоздырдық, дейді.

Қос қабатты бұл ғимараттың жартысын бірнеше жыл бұрын бірнеше кәсіпкер сатып алған. 10 жылдан бері кәсібін дөңгелетіп отырғандардың ғимараты екі жылдан бері жылусыз. Себеп - жылу құбырынан апат шыққан. Ал оны жөндеуге нысан қожайындары жауапты көрінеді. Тек жартысына иелік етіп отырған кәсіпкерлер құлықты болғанмен екінші бөлігіндегі мекемелер ынтасыз.

«10 пайызы жеке кәсіпкерлер отыр осында. Басқасы мына аумақтық мүлікке жатады. Солар қазір қосу жасауға ақшалары жоқ. Олардың айтуы бойынша бюджетте қарастырылмаған. Сол себептен ақша бөлінген жоқ. Біз қоса алмаймыз, деп айтты», - деді  кәсіпкер Бағдат ЖЕКЕШЕВ.

Жалпы мұнда қызметкерлер саны 15-ке жуық. Алайда қаңтардың қара суығында тек санаулы азаматтар ғана жұмыс істеп отыр. Тіпті, біразы суықтан сырқаттанып қалған.

«Жылытқыштарды қоспаса, отыра алмайсың. Оның да салдары болуы мүмкін. Электр сымдары түскен қысымға шыдамай, өрт болуы мүмкін. Біз қолымыздан келгенше апат салдарын жоюға тырысып жүрміз. Дегенмен, оны толық ретке келтіру үшін қомақты қаржы керек», - деді  кәсіпкер Қайрат ЕШМАҒАМБЕТОВ.

Бизнесмендердің есебінше, құбырды қалпына келтіруге 1 миллион теңге керек. Ал ғимараттың жартысын жалға алып отырған медициналық қызметке ақы төлеу департаментінің басшылығымен тілдеспек болған едік, олар жауап беруден бас тартты.

«Алматы жылу жүйесі» өкілдерінің айтуынша, апат болған құбыр ғимарат меншігінде. Сондықтан ақауды олар өздері жоюы тиіс.

«Апатты жағдай болғандықтан, бұл ғимаратты орталық жылу жүйесіне қоса алмаймыз. Құбыр жылу маусымы басталған уақытқа дейін жарылды. Біз ғимарат иесіне ескерту қағазын тапсырдық. Ол жерде апат салдары жойылмағанша, жылу берілмейтінін туралы жазылған. Алайда құбыр жөнделген жоқ», - деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС баспасөз хатшысы Наталья ИНКИНА.

Жылу мәселесін шешудің тағы бір жолы бар. Ол үшін бұл аумақты коммуналдық меншікке өткізу қажет. Сол уақытта жүйе толығымен Алматы жылу жүйесі мекемесіне көшеді.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров