Мектепте ақша жинаған мұғалімдер жұмыстан қуылады

23.02.2018 16:00

Алматыда 17 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді. Салдарынан әр сыныпта 30-35 баладан оқуға мәжбүр. Қаладағы білім сапасын  арттыруға байланысты  брифинг өткізген Алматының бас ұстазы Гүлнәр Ходжабергенова осылай деді. Білім басқармасының айтуынша, ішкі миграцияның салдарынан жыл сайын қаладағы мектеп оқушылары 15 мың  балаға дейін көбейіп отырады. Қазір Алматыдағы екі жүзден астам білім ордасында 243 мыңнан атсам бала білім алып жатыр. Жиында оқыту сапасы, ұстаздардың біліктілігін арттыру мен мектептегі ақша жинау мәселесі де айтылды. Алдағы айда мерекелік күнтізбелер көп болғандықтан осыны сылтауралып сыйлық жасауға, мерекелік шара өткізу үшін ұстаздар немесе ата-аналардың ақша жинауы анықталса мектеп директоры жұмыстан қуылады.

«Алатау ауданындағы мектепте әр оқушыдан мың теңгеден жинаған. Ата-аналардың көбі келісіп, тек біреуі ғана қарсы шығып, ол адам  Білім басқармасына шағымданды. Комиссия шығып, факті расталғандықтан директорды орынан алып тастадық. Ата-аналардың келісімі болсада, оқушылардан ақша жинағаны үшін мұғалімде жұмыстан қуылды», -деді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА.

Жиында балабақша кезегін жылдамдатуға байланысты қолға алынған жаңа жобаның тиімділігі де сөз болды. Қазір кезек толығымен электронды форматқа ауысқандықтан бүлдіршіндердің бөбекжайға орналасуы жылдам жүре бастаған. Ал мектеп директорларының оқу орындарындағы кабинеттерді немесе спорт залдарын жалға беруге хақылары жоқ.

«Спорт залды кешкі уақытқа жалға алатын тұлға міндетті түрде Алматы қаласы қаржы басқармасымен келісім-шартқа отырады. Мектептің директорымен емес. Білім басқармасымен емес. Коммуналды меншіктегі мүлік болғандықтан, қаржы басқармасымен келісім-шартқа отырып, сол алатын жерінің көлеміне, сағатына орай ай сайын ақысын төлеп отырады», - деді  Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнәр ХОДЖАБЕРГЕНОВА