Бостандық ауданының тұрғындары арнамыздың WhatsApp нөміріне хабарласып, жерасты өткелдерінің жағдайына алаңдайтындарын жеткізді. Қала орталығында орналасқан өткел қазір қоқысқа толып, қараусыз қалған. Оған кім жауапты екенін де білмейді.
Бұл Абай даңғылы мен Байзақов көшесі қиылысындағы жерасты өткелі. Жиналған қоқыс пен қолқаны қапқан иіс әдетте күн жылынған уақытта күшейеді, дейді аумақ тұрғындары. Қараусыз қалған өткелді қазір пайдаланатындар өте аз. Өздері мен балалары үшін алаңдайтын олар жолдың арғы бетіне өту үшін айналып баруға мәжбүр. "Өткелде жарық жоқ, орнатса да шамдарын бұзақылар бүлдіріп кетеді" деп налыды жұрт.
«Қатты айтсам кешіріңіздер! Бірақ жазғы уақытта бұл жер қоғамдық дәретханаға айналып кетеді. Одан шыққан иіс бүкіл аумақты алады. Нөсер жауса да шалшық сулар жиналып, қолайсыздық туғызады», - деді Әсел БАЙСЕЙІТОВА.
«Әуезов театрына бару үшін айналып өтеміз. Метроға жету үшін де солай. Өте қолайсыз. Ал балаларымызды бұл жерден мүлдем өткізбейміз», - деді Юлия СКОКБАЕВА.
Көріктендіру бөлімі мамандарының айтуынша, бұл бассыздық ұзаққа созылмайды. Қазір «Алматыспецтехпаркинг» қызмет компаниясы өткелдерді аудандық әкімдіктерге тапсырып жатыр. Қазынадан жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін қажетті қаражат та бөлінген. Содан кейін барлығы күрделі жөндеуден өтеді.
«Бостандық ауданында 12 жерасты өткелдері бар. Оның 8-і «Алматытехспецпаркинг» сервис компаниясының балансында. Наурыз айынан бастап олардың барлығы аудан әкімдігіне өтеді. Күтіп-ұстауға қажетті қаражат бөлінді. Сонымен қатар, күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде», - деді Алматы қаласы Бостандық ауданы көріктендіру бөлімінің жетекшісі Ренат СЕЙДРАМАНОВ.
Осы мәселе Алматы әкімінің халыққа есеп беру кездесуінде де көтерілген еді. Қала басшысы барлығын санитарлық талаптарға сай етіп жасауды тапсырды. Бір стандарт бойынша жөнделетін өткелдерде сауда нүктелері мүлдем болмайды. Қаладағы 56 жерасты өткінші жолы бойынша қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Күзге дейін олардың барлығы жаңартылмақ.
Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, Алматы телеарнасы