Алматылық тауар өндірушілер тапсырыс көлемін арттыруда

07.12.2016 15:32

Әлемдік дағдарысқа қарамастан, алматылық тауар өндірушілер тапсырыс көлемін арттырып, жаңа нарыққа бетбұрыс жасауда. Оларға бұл жағынан өңіраралық серіктестік көмектеседі. Яғни, бір-біріне қажетті өнімдерді қарастыру арқылы импорт көлемін шектейді. Осы бағдарламаның арқасында Ақтөбе облысының егістіктерін сумен қамтамасыз ететін алматылық зауыт өз өнімдерін жөнелтпек. Тиімді ынтымақтастық жайлы келесі бейнематериалда.


Бұл еліміздегі сусорғыштарды әзірлейтін жалғыз зауыт. Шығарған өнімдері су қоймалары арқылы егістіктерді сумен қамтамасыз ете алады. Өнімдер Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы елдеріне экспортталуда. Ең бастысы - үнемділік, қажетті судың көлемін реттей алатын бұл құрылғы электр қуатын да аз жұмсайды. Қажетті техникаларымен жарақтандырылған мынандай бір контейнер 36 миллион теңге тұрады. Өзге мемлекеттердің құрылғыларымен салыстырғанда бір жарым есеге арзан. Оның үстіне оларға өңіраралық серіктестік бағдарламасы көмек көрсетуде.


 «Бұл бағдарлама Алматы кәсіпорындарының әлеуетін көтеруге көмектеседі. Бұл маңызды, өйткені осы арқылы алматылықтар жұмыспен қамтылады, қалаға кіріс кіреді, салық, тапсырыстар, яғни кәсіпорындар бәскеге қабілетті бола түседі»,- деді Компанияның вице-президенті, Александр ПАПП.


Кәсіпкерлердің айтуынша, өз өнімдерін өзге өңірлерге өткізу арқылы жұмыс күші сақталып қана қоймай, қалаға 25 миллион теңге көлемінде салық та түседі. Соңғы жылдары өзге өңірдің өнім өндірушілері Алматы нарығына белсенді араласып келеді. 


 «Бұрын отандық тауар өндірушілер Алматының сауда орындарына өз өнімдерін қою үшін біршама қиындықтарға тап болатын. Ал қазір, ешқандай кедергі жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда биыл Алматы нарығына кірген өңірлік тауар өндірушілердің үлесі 25 пайызды құрап отыр»,- деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары, Ғанибет ӘУБӘКІРОВ.


Айта кетейік, «өңірлермен тығыз байланыс» бастамасын Елбасының өзі көтерген болатын. Осының арқасында олар бір-бірімен қажетті шикізат пен тауар алмасып, дағдарыс кезінде өз септігін тигізбек. Оның үстіне, импорт көлемі де азаяды. Қосымша жұмыс орындары ашылады және, ең бастысы, отандық өнім бағасы төмендейді.


Азамат Әуезхан, Рашиддин Якубов, «Алматы» телеарнасы