Білімді мыңды жығады: ҰБТ-дан ең жоғары 140 балды Алматы қаласының түлегі алды

 Білімді мыңды жығады: ҰБТ-дан ең жоғары 140 балды Алматы қаласының түлегі алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық оқушы Ұлттық бірыңғай тестте ең жоғары балл жинады. Шиара Құдайбергенова 120 сұрақтың барлығына дұрыс жауап берген. Әзірге тест тапсырғандардың арасында мұндай көрсеткішке қол жеткізген ешкім жоқ. Бүгін мектеп бітірушіні қала әкімі Бауыржан Байбек жеке құттықтады.

Шиара Әбдірахымқызы әзірге ұлттық бірыңғай тестте ең жоғары балл жинаған түлек. Сынақтан сүрінбей өткен ол, тесттің нәтижесін естігенде есімнен танып қала жаздадым дейді. Әзірге Шиараның көрсеткіші еліміз бойынша рекорд орнатты. Былтырғы жылы ең жоғарғы балл 139 болған еді. Шиара енді Назарбаев университетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр.

«Бұл сезімді жеткізу мүмкін емес шығар деп айта аламын. Бұндай сезімге бөлену мен үшін бақыт. Мен үшін қуаныш. Елбасымыздың арқасында кемеңгер білім алып, білімді ұрпақ болып, саналы ұрпақ болғаныма шүкір етемін. Осындай қазақ елінде, қазақ жерінде туып өскеніме, қазақ қызы болғанымды мақтан тұтамын»,-деді Шиара ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА.

140 баллға қол жеткізген оқушыны қала әкімі Бауыржан Байбек құттықтады. Сонымен қатар 123-ші мектеп-лицейінің мұғалімдеріне де алғысын білдірді. Кездесу барысында қала басшысы Шиараға Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы аясында басылып шыққан Давостағы Бүкіләлемдік экономикалық форумның негізін қалаушы Клаус Швабтың «Төртінші өндірістік революция» атты кітабын сыйлады. Айта кетерлігі, республикалық олимпиадада Алматы оқушылары 13 жыл қатарынан командалық бірінші орыннан көрінуде. Республикалық ғылыми сайыста 16 рет қатарынан, 11 сынып оқушылары  арасында математика, физика, химия және биология пәндері бойынша өткен Президенттік олимпиадада бесінші рет жеңімпаз атанды. 2018 жылы жаратылыстану - математика пәндері бойынша жасөспірімдер арасында алғаш рет өткен республикалық конкурста да бірінші орынды жеңіп алды.

«Өздеріңізге мәлім бүгінгі таңда біздің түлектердің жетістіктері өте жоғары. Орташа балл қала бойынша 101,2-ні құрайды. Әрине бұл осы қала мектептеріндегі ұстаздардың еңбегі, ата-аналардың еңбегі, жалпы алғанда балалардың өздерінің еңбегі. Алдына мақсат қойған бала ол әрдайым жетістікке жетпей қоймайды»,-деді Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Гүлнәр ХОДЖАБЕРГЕНОВА.

Биылғы жылы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында қосымша 20 мың грант бөлініп, 75 мың орынды жаңа студенттік жатақхана құрылысы басталды. Осы жылы қаламыздың барлық мектептерінде физика, химия, биология және лингафонды-мультимедиялық кабинеттер мен кешендер ашылған. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін алдағы оқу жылында қаланың 80 мектебінде арнайы ІТ лицейлер мен ІТ сыныптар ашу жоспарланған. Елімізде 14 мың талапкер 50 баллдан жоғары жинаған. 5 пән бойынша орташа көрсеткіш былтыр 80 болса, биыл 83,2 балл. Айта кетерлігі 2017-ші жылы 140 балл ешкім жинай алмаған еді. Әзірге Алматы ҰБТ көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Бірақ өңірлердегі тест тапсыру әлі аяқталған жоқ. Түлектердің тест қорытындылары шілденің басында белгілі болады.

Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.   

Новости партнеров