Әуезов ауданының бір топ тұрғындағы орталық жылу жүйесін жер үйлеріне жалғап алған. Ақы төлемей-ақ жылы жерде жасырын отырған жұрттың ұрлығы әшкере болып, қомақты қаржы төлейтін болды. Алдағы үлкен жарыс кезінде апатты жағдайға жол бермеу үшін жұмыс әлі де күшейтіледі.
Қақаған қыстың қысымшылығынан қысылмай шығуды құп көрген халық қызметке қосылу үшін қаржы төлеу керек екенін де елемеген. Жоғары қысыммен келетін ыстық судың қауіптілігінен де қорықпаған. Қолданған құрал мен құбырлары құжаттық талапқа сай келмейді. Тіптен қаланы жылытып отырған орталық мекемемен келісім шартқа да отырмапты.
«Жер үйлерді тексеру кезінде заңсыз жылу жүйесіне қосылу дерегі анықталды. Біздің санауымыз бойынша жоғары температурадағы құбырлар 8 үйге жалғанған. Бұл үйлерді қанша шаршы метр екендігін анықтағанда жылу жүйесін үлкен көлемде тұтыну болып есептеледі», - деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС батыс аймақтың басшысы Нұрлан МАГЛУМБЕКОВ.
Келісім-шартсыз жылу жүйесін бұрып алғандар Әкімшілік кодекстің 144- бабы бойынша жазаға тартылады. Кодексте құйтырқы әрекетке барған бұндай жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Қыста қулыққа барған бір көшенің тұрғындары ақыры жылусыз қалды.
«Олар ешқандАй келісім алмастан жылуды тұтынған. Біз әкімшілік пен прокуратураға шағымданамыз. Кінәлі адамдарды тауып, келтірген шығын өтелетін болады», - деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС баспасөз хатшысы Наталья ИНКИНА.
Алда Алматыда өтетін айтулы жарыс кезінде оқыс оқиға орын алмас үшін қаланың барлық коммуналдық мекемелері жұмыстарын жіті тексеріп, қадағалап отыр. Жарыс біткенше қалалық инженерлік желілер жұмысына бақылау қүшейтіледі. Жылу, электр энергиясы және басқа да коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын қадағалауға 380 инженер-техник маман жұмылдырылған 60 апаттық-жөндеу бригадасына жүктелді.
«Универсиада нысандарына тәулік бойы қажетті ыстық суды беріп тұратын мамандар жасақталады. Одан бөлем апаттық жағдайға дайын тұратын арнайы 35 адамнан тұратын 5 бригада құрылды. 8 арнайы техника тағы бар. Жылу жүйесі қазір 100 пайызға дайын», - деді «АлТС» ЖШС бас инженердің міндетін атқарушы Дмитрий КИРДЯЙКИН.
Спорттық нысандардың жылумен, электр энергиясымен, сумен қамтамасыз етілуі тәулігіне бірнеше рет тексеріледі. Инженер-техниктерге 200 арнайы автотехника берілді. Бұл Универсиада - 2017 нысандарына жалғанған инженерлік желілермен қамтамасыз ету туралы бекітілген кешенді жобаға сәйкес жасалып отыр.
Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы