Шахандықтар тұрудан бас тартқан пәтерлер қызметтік үй болып өзгертіледі. Төртінші подъездің барлық 10 пәтері коммуналдық меншікке өтті. Ал, жартылай қираған үйде тұруды қаламаған адамдарға Шахтинск аймағының кез-келген ауданынан пәтер сатып алып береді. 13 пәтер - бұл зардап шеккендерге қажет пәтер саны. Оны жеке меншік қайырымдылық қорының шотында жиналған 80 миллион теңгеге сатып алу көзделіп отыр.
«Көп тұрғындар психологиялық жағынан ауыр болады деп, оған қоса, үрейленіп қалғандықтан үйге қайта оралудан бас тартып отыр. Енді олар үшін Шахтинск аймағынан пәтер қарастырылады. Ал, апат болған үй коммуналдық меншікке өтеді»,- деді Қарағанды облысы Шахтинск қаласының әкімі, Сержан АЙМАҚОВ.
Қаперде болса, 1 қаңтар күні Шахан кентінде көпқабатты үйдің бір бөлігі құлап, нәтижесінде 9 адам көз жұмып, 2 адам зардап шекті. Апаттан соң көппрофильді қайта құру институтының мамандары ғимаратты пайдалануға лайықты деп бағалады. Алайда, 10 пәтердің иелері өз үйлеріне қайта оралудан бас тартты.