Алматыда бейнетіркегішті әдейі өшіріп тастаған 30 полицей жауапқа тартылды

Алматыда бейнетіркегішті әдейі өшіріп тастаған 30 полицей жауапқа тартылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Былтыр Алматылық 30 полицей кеудесіндегі бейнетіркегішті әдейі өшіріп тастаған. Ал, биыл қала сақшылары қосымша  планшетпен "қаруланады".  Ереже бұзған тізгіншілер гаджеттің көмегімен, айыппұлды алысқа ұзамай, бірден төлей алады. Сақшыларға да жауапкершілік күшейеді: егер инспекторлар жүргізушілермен тілдескен кезде видеотіркегіштерін әдейі өшіретін болса, бірден жұмыстан қуылады. 

Ала таяқтан ада алматылық жол полицейлері енді планшетке көшті. Тәртіп сақшыларын электронды техникамен жабдықтау үшін қала қазынасынан қаржы да бөлініп қойыпты.  Қазір қаладағы сақшылардың қолында 50 планшет бар. Тиімділігі қазірдің өзінде белгілі: айыппұлды дер кезінде төлеуге ыңғайлы. Бастысы полицейлер қағазбастылықтан құтылып, уақыттарын үнемдеген. Смартфонның тиімділігін көрген полицейлер, есесіне бейнетіркегіштерін өшіріп қоюға әуес екен. Былтыр қала әкімі видеотіркегіштерін әдейі өшірген сақшыларды жұмыстан қуу туралы тапсырма берген еді. Содан бері 30 полицей жаза арқалапты.

«Қазан айынан бері жол-патрульдік полициясына қарасты 30 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын. Яғни, жұмысын атқару барысында олардың бейнетіркегіштері белгісіз бір себептермен істен шыққаны. Олардың бірқатар қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысы жоқ қызметтерге ауыстырылған болатын», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Айта кетсек, жыл басталғалы жол ережесін бұзған жүргізушілерге салынатын айыппұлды азайтатын Заң күшіне енді. Жалпы жиырмадан аса айыппұлдың көлемі қысқартылған. Мәселен, бұрын мүгедектердің тұрағына көлік қаңтарғандар 113 мың теңгеден астам айыппұл арқалайтын болса, қазір 24 мың теңге төлейді. Жылдамдықты сағатына 10 шақырымнан 20 шақырымға дейін асырғандарға 22 мың теңгеден көп айыппұл салынса, биылдан бастап мөлшері 12 мың теңгеге дейін қысқартылды. Бұған дейін жолдың қарсы бетіне шығып кеткені үшін жүргізуші куәлігінен бір жылға дейін айырылса, жаңа заңда бұл мерзім алты айға дейін қысқартылды. Жүргізушілерге жасалған мұндай рақымдық, жол ережесін  бұзатындардың қатарын арттыру әбден мүмкін дейді сақшылардың өздері.

«2017 жылы 377 мың 484 жол жүру ережесін бұзған жүргізушілер анықталып, соларға 3 млрд 18 млн теңге айыппұл салынды. Содан мысалы бұрынғы жылдарға қарағанда бізде төлеушілердің саны 40-50 пайыздан аспайтын болса, 2017 жылы төлеушілердің санын 65 пайыздан асырдық», - деді Алматы қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.

Алматылық жүргізушілер қымбат айыппұлдан бөлек, қымбат нөмірлер үшін де әбден шашылыпты. Мәселен, былтыр қалтасы көтергендер VIP нөмір үшін жарты миллиардтан астам ақшасын шығарған.

 Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров