Алматыда 53 миллион теңге көлемінде ақша жымқырған хакерлерге қатысты сот үкімі шықты. Бостандық ауданының соты киберқылмыс жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың басшылары, 25-жастағы Алмас Омаров пен Бауыржан Дастаровты кінәлі деп тапты. Олар Бас прокуратура, Салық комитеті, Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитеті атынан бірқатар мекемелерден ақша ұрлап отырған. Қылмыстық топ басшылары Қылмыстық Кодекстің бірнеше баптары бойынша мүлкін тәркілеумен қоса, 7 жарым жылға бас бостандықтарынан айырылды. Ал ұйымдасқан қылмыстық топтың қалған 13 қатысушысы 3 жарым жылдан 7 жылға дейін темір торда жазасын өтейтін болады.
«Алматы қаласы №2-ші Бостандық ауданы сотымен Омаров пен Дастаровты 7 жарым жылға бас бостандықтарынан айырды. Олардың да мүлкі тәркіленіп, компьютерлік технологиялармен байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды. Олар жазасын жалпы режимдегі түзету колониясында өтейтін болады. Ал ұйымдасқан қылмыстық топтың қалған 13 қатысушысы 3 жарым жылдан 7 жылға дейін темір торда жазасын өтейтін болады. Қылмыстық кодекстің 63-інші бабы бойынша қылмысқа қатысқан тағы 5 адам шартты түрде сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ»,- деді Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің жетекшісі, Дияс МАХАМБЕТОВ.
Аталған іс бойынша 20 заңды тұлға зардап шеккен. Олардың қатарында мемлекеттік медициналық мекемелер де бар көрінеді. Шығын 53 миллионға бағаланып отыр. Кей мәліметтерге сүйенсек, хакерлер арнайы бағдарламалар алып, оларды жаңартқан.