Алматыда Индрайвер такси қызметі іске қосылды

25.01.2017 14:47
Универсиада қарсаңында жолаушыларға жағдай жасау үшін, Индрайвер такси қызметі іске қосылды. Аталмыш тасымалдаушы компания мен Алматы қаласын дамыту орталығы әріптестік жөнінде меморандумға қол қойды. Бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына үлес қосып қана қоймай, салық түсімін арттыруға себеп болмақ. Мәселен, 400 теңге көлемінде орташа жол жүру құнымен есептескен 1 миллион жолаушыдан, компания бюджетке 17  млн теңге көлемінде салық төлейтін көрінеді. Сондай-ақ, аталмыш қызмет түрінің іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына себеп болады дейді мамандар. Жолаушыларға бағаны өзі қоюға мүмкіндік беретін қосымша, бұдан былай Қазақстан нарығында ашық түрде қызмет көрсетеді. 
«Осындай құрылғыларды көбейте отырып, қала тұрғындарының өмір сүру салтын ыңғайландыру, оларға тиімді жағдай жасау біздің мақсатымыз болып табылады. Салық түсімдері бойынша, ол Алматы қаласына ыңғайлы болып келеді. Яғни, кезінде Индрайвер құрылғысы ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қарама-қайшы келгендіктен олар қазыр оның барлығын түзетіп, салық органдарымен өздерінің жұмысын жүргізіп, ашық жұмысын бастап жатыр»,- деді Алматы қаласын дамыту орталығының басқарма директоры, Нұрлан ЖАЙЛАУБАЙ.
Айта кетсек, Индрайвер такси қызметі Қазақстан нарығында 2014 жылдан бастап жұмыс істей бастаған еді. Алайда, жұмысының күмәндылығы мен қауіпсіздігі бойынша, бұғатталынған болатын. Бүгінде бұл олқылықтар түзетіліп, қызмет көрсету халықаралық талаптарға сәйкестендірілген. Қазіргі таңда, такси қызметінде 12 мыңнан астам қазақстандық жүргізуші қызмет көрсетеді екен. Олардың барлығы қатаң тексерістен өтіп, іріктеліп алынған.
«Бұл жолаушылар үшін қауіпсіз қызмет көрсету болып табылады. Өйткені, біз жұмысқа алған жүргізушілердің аты-жөні мен түр-тұлғасын, машинасың нөмірі мен маркасына дейін толық тексерістен өткіздік. Жолаушылар, діттеген жеріне жеткен соң, жүргізушіге мобильді қосымша арқылы баға бере алады. Рейтингі төмендермен, келісімімізді тоқтатамыз»,- деді Компания өкілі, Павел ПЛАТОНОВ.