Алматының жерасты қоғамдық көлігі 5 жаста. Тұңғыш Президент күнімен қатар келген мереке жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Концерттік бағдарлама Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрында өтті. Метро қызметкерлерін қала әкімі Бауыржан Байбек те құттықтады.
Естелік суретке түсу сәті. Бұл тарихи оқиға, әсіресе, ұжым үшін. Өз жұмысын бастағалы метро қызметін 40 миллион алматылық пен қала қонақтары қолданыпты. Адамдар жер асты көлігін пайдалану үшін ғана емес, әлемдегі ең әдемі және еліміздеге алғашқы метроны тамашалауға келеді.
«Бүгінгі таңда Алматы метросын дамыту бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алдық. Қабылданған Алматы-2020 даму бағдарламасы негізінде метро жол тораптарын ұлғайту жұмыстары қолға алынып отыр. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар жалғаса береді. Бүгінде Алматы метрополитені ерекше әлеуметтік маңызы бар мәдени-қоғамдық ортаға айналып үлгерді», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Алматы метросының құрылысы 80-ші жылдардың аяғында басталды. Кеңес одағының ыдырауы жобаның жүзеге асуына едәуір өзгерістер алып келген болатын. Ал, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ауқымды жоба қайта жанданыпты. Осыдан 5 жыл бұрын Алматыда алғаш рет жер асты қоғамдық көлігі іске қосылды. Ашылу салтанатына мемлекет басшысы да қатысқан болатын.
Бүгінде қалада 9 бекет жұмыс жасайды. Өткен жылы «Сайран», «Мәскеу» бекеттері іске қосылды. Алматылықтар мен қала қонақтарын әр 10 минут сайын 7 пойыз құрамы тасиды.
«Біздің метрополитен заманауи технологиямен жарақтандырылған. Осы орайда метрода 28-ден астам қауіпсіздік жүйесі жұмыс жасайды. Барлық бекеттерде де бейнебақылау камералары орнатылған. Әр бекетте 30-ға жуық камера ешнәрсені назарынан тыс қалдырмайды», - деді Алматы қаласы «Метрополитен» МКМ бас инженері Нұрғали ҮСЕНОВ.
Қазір Алматының жерасты өмірінде 1400 адам жұмыс жасайды. Метроның дамуына өз үлесін қосқан қызметкерлер назардан тыс қалмады, барлығы құрмет грамотасымен марапатталды. Бүгінде Алматы метросын ұзарту жұмыстары жалғасуда. 2020-шы жылы Сарыарқа және Достық бекеттері пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал, Қалқаман мен Автобекет станцияларының құрылысы болашақ еншісінде.
Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы