Алматы зообағына жергілікті кәсіпкер үлкен сомада ақша аударды. Нақтырақ айтсақ, хайуанаттар бағының неміс архитекторы алдындағы 100 мың евро қарызын өтеген. Белгілі болғандай, ондағылар Питер Разбахтың алдындағы берешекті жаба алмай жүрген. Енді одан зообақтың жаңартылған құрылыс жоспарын алу ғана қалып отыр.
«Біздің бизнестің әлеуметтік шеңберінде осы соманы Алматы зообағына жаратып отырмыз. Біздің ойымызша, бұл дұрыс шешім. Себебі өзіміздің қала тұрғыны ретінде қарағанда, біз өзіміздің Алматы зообағына көмегіміз ауқымды болу керек деп санаймыз. Бұл ақшаны бізге қайтадан қайтарудың қажеті жоқ. Өркендеуі болса, бізге соның өзі нұр үстіне нұр болады. Біз берген соманы қадағалайды деп айту дұрыс емес шығар. Себебі біздің зообаққа келген жаңа топ-менеджерлер, менің ойымша, жауапкершілігі мол адамдар. Ержан деген кісіге маман ретінде ешбір күмәніміз жоқ. Өз компаниямыздың тарапынан көмектесіп тұрамыз. Қадағаламай,ақшаны жарату процессіне тек сырттай қарамасақ, ішкі процесстерге біз бөгет жасамаймыз. Ал неміс архитекторы Питер Разбахпен жұмыс істеуіміз бізге де өте маңызды деп санаймын. Себебі бұл зообақ Еуропалық стандартқа жақын болады. Жаңа концепцияға қарай басқа зоопарк болады деп санаймын. Келешекте біздің кішкентай бүлдіршіндеріміз жақсы зоопаркте пілдерді, жирафтарды ұстау мүмкіндігі болса, оларға да жақсы болады деп ойлаймын. Негізінен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде біз тағы да бірнеше жобаларды жасаймыз. Ең маңызды жобалардың бірі – реабилитация орталығын ашу. Аяқ-қолдары дұрыс істемейтін, ДЦП-мен ауыратын балаларға арналған реабилитациялық орталықты біз ашамыз. Бұл Алматы қаласының келешекке деген стратегиясына сай. Алматы қаласының әкімімен бірге осы мәселені шешіп, бірге осы жобаны іске асырамын деген сенімділігім бар», - деді кәсіпкер Қайрат ҚҰДАЙБЕРГЕН.