Сапасыз су түрлі сырқатқа шалдықтырады. Алматыда тексеріс жүргізген қоғамдық Денсаулық сақтау департаментінің мамандары қараусыз тұрған 149 ұңғыманы анықтады. Соның ішінде 56-сының санитарлық-эпидемиялогиялық сараптамасы жоқ. Дегенмен тұрғындар одан күнделікті тіршілік нәрін тұтынып отыр. Тіпті, техникалық мақсатқа арналған 98 құдықты кәсіпкерлер табыс көзіне айналдырған. Мұндай бизнесмендерге ұңғыма суын ауыз су ретінде сатуға тыйым салынғаны туралы сот шешімі бар. Десе де, олар орындауға асығар емес.
«Біз тек 18 ұңғымаға өтіп, су сапасын тексердік. Қалғандарының бірінде күзетшілер болса, кейбіріне тіпті жүретін жол жоқ. Сынама нәтижесіне сай, суда фтор нормадан асқан. Мұндай тіршілік көзін тұтыну өт-тас ауруы, зат алмасуының бұзылуы мен өзге де ауруларға алып келеді. Сондықтан тұрғындарға айтатынымыз сапасы тексерілмеген суды тұтынбауға кеңес береміз», - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.