Алматылықтар жыл басынан бері ыстық су мен жылуға 660 млнға жуық теңге қарыз. Енді берешегін жылдап төлемейтін тұрғындар жаппай коммуналдық жүйеден ажыратылып жатыр. Тіпті елімізде жуық арада коммуналдық қызметті дер кезінде төлемегендер енді несие ала алмай қалуы мүмкін. Өйткені, біраз жылдан бері қарастырылып келген мәселе алдағы 2 айда жүзеге асуы ықтимал.
Жуық арада елімізде несие берілер алдында азаматтардың коммуналдық төлемдегі берешегінің бар-жоқтығы тексеріледі. Мұндай қадамға көрсеткен қызметтеріне ақы өндіре алмай жүрген кәсіпорындар барған. Бұл шара ең бірінші Алматы тұрғындарына қатысты қолданылады. Өйткені, коммуналдық төлемдегі берешектерін төлемей жүргендер осында көп. Мәселен, тек маусым айының басынан бері қалада 300-ге жуық нысанның ыстық суға қарызы 35 млн теңгеден асып жығылады.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын Ұлттық несие бюросымен бірігіп, банктерден несие берерде клиенттің коммуналдық төлемдерді төлеу қабілетін тексеру мәселесін көтердік. Енді коммуналдық төлемді төлей алмағандар несиені де жаппайды деген сөз. Банктерде несиені қайтаруда мәселе туындауы мүмкін. Менің ойымша, бір-екі айдың көліменде бұл жоба жүзеге асады»,- деді «Алматы Жылу Жүйелері» ЖШС жылу энергиясын өткізу басқармасының басшысы, Махамбет ЖАНҰЗАҚОВ.
Мамандар берешегі бар тұрғындарды ыстық су мен жылудан жаппай ажырату кезеңін бастады. Енді қарызы барлар толығымен қызметтен қағылады. Өйткені, инженерлер барынша халықтың жағдайын түсініп, осы уақытқа дейін ескерту жасап келген. Алайда, жиналған берешекті төлеген халықтың саны аз. Бәз баяғы әдеттерінше инженерлер кешқұрым қарызға батқандардың үйін аралады. Бұл жолғы мекен-жай қаладағы "Керемет" тұрғын үй кешені. Бірінші бас сұққан пәтердің қарызы 500 мың теңгеден асады.
Қарызын төлемеуден емес, камераны көргенде ұялған тұрғындардың қатары көп болды. Қымбат пәтерлерде тұрса да, ыстық су мен жылуға ақы төлемегеніне 3 айдан асқан. Бұл кешендегі үйлердің басым бөлігі жалға берілетіндіктен, олар пәтер иесінің қарызынан мүлде хабарсыз. Мамандар тұрғындардың осылай қашып, хабарласқанда жауап бермейтіндігін айтады.
Рейдке шыққан мамандар бұл пәтерге келген қонақтардың тура үстінен түсті. Үй иесі басында абдырап қалғанмен, кейін қарызы бары туралы білетіндігін айтты. Оны ертең төлеймін деп сендірді.
Мамандардың тексеріп жүргенін естіген 3 тұрғын бірден төлем жасады. Жалпы, бұл кешен "Алматы жылу жүйелері" мекемесіне 5 млн-нан астам теңге қарыз. Мамандар халыққа суды өшіру бұл соңғы қадам емес екендігін ескертеді. Тұрғындардан берешекті сот арқылы өндіруге де тура келеді. Одан қалды қарызы бар борышкерлердің үйіне, банктегі шотына, автотранспортқа және шетелге шығуға тыйым салынады. Мәселен, биылғы жылдан бастап мекеме 3478 арыз түсіріп, оның 2020-сы коммуналдық кәсіпорынның пайдасына шешіліпті.
«Мұнда 60 пәтердің қарызы бар. Кешкі рейдте 3 үй судан ажыратылды. Олардың жалпы берешегі 330 мың теңге. 5 пәтер ертең таңертең төлейтіндіктерін айтты. 3 пәтер бірден қарызды төлеп, түбіртекті көрсетті. Басқаларына бас сұға алмадық. Есіктерін ашпады»,- деді Шығыс секторының басшысы, Нұрлан МАҒЛҰМБЕКОВ.
Мамандар қарызын төлегісі келіп, бірақ қаржысы жоқтарға да тығырықтан шығар жол барын айтып отыр. Мекеме өсімақыны өсірместен, борышкердің қарызын айға бөліп төлеуді ұсынады. Ол үшін қосымша келісім-шарт жасасу қажет. Мұндай жағдайда қарызы бар халық ыстық судан қағылмайды. Осындай жолмен жыл басынан бері 321 жеке және 559 заңды тұлғадан борыштың құрылымын өзгерту турасында келісім-шартқа отырған.
Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы