Елбасы Германияның президентімен кездесті

Елбасы Германияның президентімен кездесті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Германия президенті Франк-Вальтер ШтайнМайермен кездесті. Бұл оның біздің елге жасаған алғашқы сапары. Ол Астанада өтіп жатқан халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне аса қызығушылық танытқан. Кездесу барысында екі елдің мемлекет басшылары әріптестік туралы сөз қозғады. Қазақстан президенті Германияның әлемдегі ең ірі экономикасы бар екендігін айтты. Сондай-ақ, бұл ынтымақтастықты дамытуға жаңа бағдарламалар қабылданып жатқандығын да жеткізді. Өйткені, екі ел қарым-қатынастың барлық бағытын дамытуға мүдделі. Іскерлік кеңес аясында қос елдің бизнес-құрылымдары арасында 20-ға жуық келісімге қол қойылады деп күтілуде.

«Мен Сізді еліңіздің президенті лауазымына сайлануыңызбен құттықтаудың осындай мүмкіндігі туындағанына қуаныштымын. Сіз дүние жүзіне белгілі әрі көпшілік құрметтейтін саясаткерсіз. Германия халқы өзіңіздей беделді Президентке ие болды. Біз бір-бірімізді көптен бері білеміз. Сізбен ынтымақтастықта болып, жүздесу әрдайым көңіл қуантады. Сіз сыртқы істер министрі лауазымында болған кезде біз ауқымды түрлі мәселелерді талқылаған едік»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Германия президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін бүкіл Германия делегациясы атынан алғыс айтты. Сондай-ақ, ол екі ел арасындағы ынтымақтастықтың оң қарқыны қуантатындығын мәлімдеді. Болашақтың энергетикалық мәселесіне арналған халықаралық көрме ЭКСПО-2017 тақырыбының өзектілігін де атап өтті.

«Сізге қонақжайлылық танытып, Германияға және жеке өзіме қатысты айтқан жылы лебізіңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Осы сапарымның өзіндік ерекшелігі де бар. Биыл біздің мемлекеттер арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 25 жыл. Екі ел ширек ғасырда барлық жағыннан қарым-қатынасымызды нығайттық. Оның айқын көрсеткіші Германия ұйымдарының ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді ат салысуын айтуға болады»,- деді Германия Федеративтік Республикасының президенті, Франк-Вальтер ШТАЙНМАЙЕРМЕН.


Новости партнеров