Енді алматылықтар қоғамдық көлік қозғалысын онлайн режимде бақылай алады. Көпшілікке арналған үш тілде жұмыс жасайтын алатранзит.кз сайты іске қосылды. Бұл ғаламтор парақшасында кез келген адам қоғамдық көлікке қатысты сұрақтарына жауап алып, мағлұматтардан хабардар бола алады. Сонымен қатар, бұл жерде барлық бағыттағы қоғамдық көліктердің кестесін, тарифтерін, тіпті, велосипедті қай жерден жалға алуға болатыны көрсетілген. Қаланың көлік инфрақұрылымына қатысты тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын қабылдайтын арнайы бөлім де бар. Ал Алматыға келген саяхатшылар қаланың көрікті жерлерін оңай таба алады.
«Біз мұнда «кітапхана» айдарын да қостық. Бұл бөлімде осы мәселе бойынша қызықты тақырыптардың сілтемелері көрсетілген. Яғни, сайтты қолданушылар өзге елдердегі қоғамдық көлік қалай жұмыс жасайтыны туралы, көршілеріміздегі осы сала бойынша жаңалықтар енгізіліп отырады»,- деді «БҰҰДБ-ҒЭҚ» жобасының менеджері, Елена ЕРЗАКОВИЧ.