Елімізде электромобильдерге сұраныс аз. «ҚазАвтоПром» одағының басқарма төрағасы Олег Алферов мұны бағасының жоғары болуымен байланыстырып отыр. Отандық автокөлік өндірісі соңғы 11 айда 61,5 млрд теңгенің темір тұлпарын шығарған. Бұл дегеніміз 10 мың 125 автокөлік. Нәтижесінде, отандық жеңіл көліктерге деген сұраныс төмендеп, жүк теникаларына деген сұраныс артқан. «2020 жылға қарай индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы арқылы Қазақстан нарығындағы жаңа көліктер санын 300 мыңға жеткізу көзделген. Алайда, бұл жоспардың уақыты кейінге шегерілді», - деді басқарма төрағасы. Жалпы, өткен жылдың мамыр айынан бастап автокөліктерге жасалған жеңілдік нәтижесінде 87 586 темір тұлпар сатылған.
«Қазір нарықтағы жағдайға және қымбат болуына байланысты көліктің бұл түріне айтарлықтай сұраныс жоқ. Оған аталған көлік түріне инфраструктураның жоқтығы да себеп емес, себебі оны тұрмыстық электр қуатымен де қуаттауға болады. Оған деген сұраныстың кемуіне негізінен өте жоғары бағада сатылуы себеп болып отыр», - деді «ҚазАвтоПром» Қазақстан автокөлік саласы кәсіпорындары одағының басқарма төрағасы Олег АЛФЕРОВ.
2016 жылдың 11 айында ресми диллерлер 38,8 мың жеңіл көлік әкелген. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56 пайызға төмен. Былтыр бұл уақыт аралығында 88,4 мың көлік жеткізіліпті. Елімізде өндірілетін және импортталатын су жаңа темір тұлпарлардың бағасы тікелей қара алтынға байланысты екен. Сондықтан да мұнай құны өзгеріске ұшырамаса автокөлік бағасы да тұрақты болады.