|
09.08.2018 | 18:04
2295

Алматылықтардың жылу мен ыстық суға қарызы 2 млрд теңгеден асқан

Алматылықтардың жылу мен ыстық суға қарызы 2 млрд теңгеден асқан

Алматыда коммуналдық қызметкерлер борышкерлердің  есігін қақты. Ыстық су ақысын төлемегендерді желіден ажырату жұмысы күнделікті жүргізіледі. Бір ғана Әуезов ауданындағы тұтынушылардың ыстық су мен жылуға берешегі 500 миллион теңгеден асқан. 

Мына пәтер иесінің коммуналдық берешегі 60 мың теңгеден асқан. Осы күнге дейін талай ескерту жасалғанымен, борышкер өтемей жүр. Енді коммуналдық қызметкерлер ескертуді қойып, шара қабылдауға кірісті.

Жылу жүйесі мекемесі қызметкерлері кейбір материалдық жағдайы қиын борышкерлердің жағдайын ескереді. Сондықтан қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Бірақ ол үшін берешекті саралау жөнінде шарт жасалады. Мәселен, мына пәтердің иесі ондай мүмкіндіктің барын біледі. Себебі, олардың берешегі 600 мың теңгеден асып кеткен. Алайда, уақытты өзі созып жүр дейді жылу жеткізуші компания өкілдері.

Жазаның қатаңдатылғанына жауапсыз тұтынушылардың өздері кінәлі, дейді жылу жүйесі мекемесінің қызметкерлері. Себебі, уақытында ақшасын төлемейтін тұтынушылардың қатары азаймай отыр. Тіпті, тұрғындар тексерушілерді алдап-арбап, түрлі айлаға барып жатады.

Коммуналдық ақыны төледік деп айтқанымен, оны дәлелдейтін түбіртек қолдарында болмайды.

«Коммуналдық ақыны төлемеудің негізгі себебі – оған селқос қараушылық. Тұрғындар қарызды өтеуді ұмытып кетеді. Кейіннен қарыз бірнеше ай жиналып қалады. Негізгі себеп осы», – деді Алматы қаласы Әуезов ауданы Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Олжас МҰХАМЕТЖАНОВ.

Алматыда жылуды өшіру бойынша мұндай рейдтер күнделікті жүргізілетін болады. Себебі тұтынушылардың коммуналдық ақыға төлейтін қаржысы қаладағы жылу жүйесін жөндеуге жұмсалады. Алматыда тұрғындардың жылуға, ыстық суға қарыз көлемі 2 млрд теңгеден асқан. Қарыз бойынша Алмалы ауданының тұрғындары көш бастап тұр.


Перизат Көмекбайқызы, Алтыншаш Смағұлова, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир