|
09.08.2018 | 19:27
2884

Алматыда ірілі-ұсақты қылмыстар аулаларда орын алады

Алматыда ірілі-ұсақты қылмыстар аулаларда орын алады

Алматыда жол-көлік полициясы полкі аулалардағы қауіпсіздікке жіті ден қоя бастады. Тәртіп сақшылары бұл міндетті бұрын да атқарған. Тек енді Қоғамдық кеңестің ұсынысымен арнайы аулаларды аралайтын жаяу сақшылар жасағын құрмақ. Олар учаскелік полицейлерге көмектесіп, түрлі заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға септеседі.

Алматы қаласының жол-көлік полициясы күн-түн демей, осылай аулаларды аралауды бастады. Халықтың тыныштығын қорып, заң бұзушылықтарға жол бермеу – тәртіп сақшыларының басты міндеті. Сондай-ақ, олар жолдағы қауіпсіздіктен бөлек, учаскелік полицейлерге де көмектеседі. Өйткені, көп жағдайда ірілі-ұсақты қылмыстар дәл сол аулаларда орын алады дейді. Бұл заң бұзушылықты сүт пісірім уақытта анықтап, із суытпай жолын кесуге мүмкіндік береді.

«Жалпы, Алматы қаласының патрульдік полициясы құрылғаннан бері бірінші орынға қойған қызметі қоғамның тәртібін сақтау және жол жүру ережесін сақтау. Алматы қаласында орналасқан аулаларға кіріп, жаяу бағытта қылмыс ашу. Алматы қаласының патрульдік полициясының ашылып жатқан қылмысы өте көп. Және алдында айтылған бағыт бойынша аулаларға кіріп, көптеген қылмыс ашылып жатыр», – деді Алматы қаласы IIД жол-көлік полиция полкінің полицейі Руслан ӘБДІРӘШИДОВ.

Жыл басынан бері жол-көлік полициясы 4671 қылмыстың ізін суытпай ашқан. Жедел әрекет жасақтары аулаларды аралау барысында 7 адам өлтіру дерегін анықтап, күдіктілерді бірден қолға түсірген. Тәртіп сақшыларының арқасында төрт қарақшылық, 93 тонау және 429 ұрлық фактісі де «ізі суымай» ашылған. Сондай-ақ, 43 адам зорлау, 192 бұзақылық фактілері де тіркеліпті. Аулаға жиі бас сұғатын сақшыларды көрген тұрғындар қуанышты. Өйткені, ұсақ заң бұзушылық сап тыйылып, аулаларда тыныштық орнады дейді.

«Бұрын да көретін едім. Бірақ қазір жиірек көріп жүрмін. Тастақта тұрғаныма 20 жылдан астам болды. Қазір аулада полиция патрулі жүретінін көріп жүрмін. Қазір баламен шықсақ та, өзіміз шықсақ та, тыныш, қауіпсіз екенін байқаймыз», – дейді тұрғын Светлана ТҰРҒАМБЕКОВА.

«Көріп тұрамын. Жиі келіп тұрады. Әсіресе жаз айларында, түнде жиі жүретінін осы патруль машинасының дауысынан біліп отырамын. Кейбір тұрғындар ішімдік ішеді, әсіресе, қараңғы бұрыштарда түн ішінде айғайлап, неше түрлі балағат сөздерді айтып отыратын адамдар бар. Тәртіп сақшылары сондай адамдарды ұстап, тәртіпке салып жатса, тамаша емес пе?!», – дейді тағы бір тұрғын Алмагүл БЕКТЕМБАЕВА.

Алматыдағы аулаларды аралауға жол-көлік полициясының күнделікті 150-ге жуық экипажы шығады. Әр ауданға 18 жасақтан бөлінетін автопатруль балалар алаңдарын, тұрғын үйлердің төңірегін тексеріп шығады. Олар үш ауысымда, әрқайсысы 8 сағаттан тынбай жұмыс істейді. Қазір қаладағы 4 мың ауланың 1 мыңнан астамында күрделі жөндеу жүргізіліп, жарықты үнемдейтін көше шамдары қойылған. Сондай-ақ, көп қабатты үйлердің кіреберісі мен аулаларда 46 мың бейнебақылау камералары орнатылған.

Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир