Алматы әкімі Египеттің Жоғарғы Конституциялық сотының төрағасымен кездесті

17.03.2017 17:49

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Египеттің Жоғарғы Конституциялық сотының төрағасы Абдел Вахаб Абдель Разекпен кездесті. Тараптар сауда- экономикалық және мәдени- гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек, Алматының артықшылықтарын атап өтіп, мұнда заң тұрғысында инвесторлар үшін барлық жағдайлар жасалғанына баса назар аударды. "Бұл - Египет азаматтарының қалаға, әсіресе туризмге қатысты іскерлік белсенділігін арттыруға сеп болады", - деді Бауыржан Байбек. Өз кезегінде Египеттің Жоғарғы Конституциялық сотының төрағасы Абдел Вахаб Абдель Разек Қазақстандағы соңғы конституциялық өзгерістерді жоғары бағалады. Кездесу барысында египеттік тарап Алматы әкімін солтүстік Африка еліне ресми сапармен келуге шақырды. Айта кетсек, былтыр Алматы қаласы мен Египет арасындағы тауар айналымы 14,5 млн. АҚШ долларын құрады. Бүгінде шаһарда 12 біріккен және 16 египеттік кәсіпорындар тіркелген.