Жолынан көлігі үзілмейтін Алматыда - тас жолдар түбегейлі түрленеді енді. Жуырда қос бірдей жол айрығы салына бастайды. «Алтын Орда» маңындағы тар жол кеңейіп, ондағы кептеліс сейіледі. Қоғамдық көліктерге бөлінген арнайы жолақтардың саны да арта түспек. Қазір Алматыда олардың алтауы бар. Одан бөлек, троллейбус желілері ұзарады. Ауқымды жобаға 5 жарым млрд теңге бөлу көзделген. Есесіне, трамвайлардың жоқтығы сезілмейді. Ал, жұрт сарыла күткен қос бірдей метро стансасы 2020 жылы нақты қолданысқа беріледі. Өткен жылды түйіндеген қала басшысы Бауыржан Байбек, биыл атқарылатын жұмыстарды жіпке тізді.
«Биыл жеңіл рельсті көліктермен айналысатын компаниялар арасында байқау өткізіледі. Қоғамдық көліктердің бұл түрі - экологияға зиянсыз. Ескі трамвайларға қарағанда әлдеқайда тиімдірек. Одан бөлек, үлкен Алматы айналма жолының құрылысы басталады. Ол - қаламыздың экономикалық потенциалын арттырады. Сөйтіп, Алматы - Батыс Қытай мен Еуропаны жалғайтын логистикалық хабқа айналады»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Осы жылы Алматыдағы қоғамдық көліктерде қолма-қол төлем жасауға тыйым салынуы мүмкін. Парламент мақұлдаса, жолаушылар жүрген ақысын «Оңай» картасымен ғана айыратын болады. Былтыр қаладағы 196 көше жөндеуден өткен. Ол үшін 7 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Бұл жұмыстар биыл да жалғаспақ.