Алматы ауруханасында менингит диагнозымен жатқандар оңалып келеді

Алматы ауруханасында менингит диагнозымен жатқандар оңалып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы ауруханасында менингит инфекциясын жұқтырған 32 адам ем қабылдап жатыр. Бүгінде олардың жағдайы оңалып қалыпты. Дәрігерлер тіпті, аталмыш инфекцияны жұққызып, өлім аузынан аман қалған науқастардың алдын үйлеріне шығаруға дайын отыр.

Ағайынды Бегалы мен Сералы өткен айдың ортасында менингококк инфекциясын жұқтырған. Әуелі медициналық колледжде оқып жүрген Бегалының денсаулығы күрт нашарлапты. Басы ауырып, денесі түршіккен студент бұған бастапқыда мән бермеген. Үйіне барып, өздігімен ем жасаған. Тек ауруы жанына батқанда жедел жәрдем шақырыпты. Бірақ, медиктер жеткенше туған ағасына инфекцияны жұқтырып үлгерген.

«Оқуда жаурап, денем түршігіп басталды. Содан мұғалімнен сұрандым, жіберді. Үйге қайттым. Үйге келіп, тұмау екен деп ойладым, жаурағасын көрпе жамылып жата бердім. Дәрі іштім бас аурудың. Температура кешкісін басталды басым ауырып, түнде 12 лерде қатты ауырды. Скорый шақырдық, көрді. Денедегі бөртпелерді скорый келгесін байқадым»,-деді Бегалы ҚҰДАШ.

«Содан соң 2 күннен кейін мен ауырдым. Тоже реанимацияға түсіп қалдым ауыр халмен. Негізі дәрігерлер ескертті, сендерге жұғуы мүмкін деп. Белгілері көрінсе келіңдер деп. Мен енді үлгере алмадым. Кешкі уақытта денем қатты қызып. Қазір жағдайымыз жақсы»,-деді Сералы ҚҰДАШ.

Аты жаман аурудың оған қайдан жабысқанын Бегалы білмейді. Тек, қоғамдық көлікте жұқтыруым мүмкін деп топшылап отыр. Сырқатынан айыққан ағайындыларды дәрігерлер енді жақын күндері үйлеріне жібермекші. Жалпы, ақ халаттылар Алматыда менингококк жұқпасының деңгейі төмендеді деп отыр. Айтуларынша, соңғы 4 тәулікте қалада бұл дертке шалдыққан адам тіркелмепті. Қазір қос инфекциялық ауруханада 32 адам ем қабылдап жатыр екен. Ал, бұған дейін жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқандардың беті бері қарап, палатаға ауыстырылған.

«Жұқпалы аурулар ауруханасында ересектерге арналған 9 науқас жатыр. Барлық науқастардың жағдайы тұрақты, орташа ауырлықта және 3 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Ол кісілердің барлығы өздерінің бақылауға алынған анализдерінің қорытындыларын күтіп отыр. Егер теріс нәтиже шыққан күні ол 3 науқас ертеңгі күні ауруханадан шығады»,- И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тамара ӨТЕГЕНОВА.

Балаларға арналған аурухананың дәрігерлері де дүрлігуге себеп жоқ деп отыр. Эпидемиологиялық науқан басталғалы онда менингококк жұқпасына шалдыққан 13 бала жатқызылыпты. Науқастардың ең кішісі небары 1 жарым жаста болған. Қазір бұл ауруханада қауіпті дертке шалдыққандардан тек 7 науқас жатыр. Медиктердің айтуынша, олардың жағдайы да оңалып келеді. Соңғы күндері мұнда ұзын-сонар кезек те тоқтаған көрінеді. Дәрігерлер бастапқы кезеңде аптасына 600-ге жуық науқасты қабылдаса, қазір ол сан 500-ге дейін төмендеген.

«Жыл басынан бері Алматы қаласында менингококтық инфекция 32 адамда расталды. Сол адамдармен қарым-қатынаста болған 3,5 мың адамды тексерістен өткіздік. Олардың барлығы антибиотик ішіп, тиісті ем қабылдады. Барлығының жағдайы жақсы, ешқайсысы ауырған жоқ»,-деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының эпидемиологы Эльвира ИБРАГИМОВА.

Дәрігерлер бұған қоса, менингококк жұқпасын жеңіп, қоғамға қайта қосылғандардан қорқудың қажеті жоқ дейді. Өйткені жазылған адам мұндай сырқатпен қайта ауырмайтын көрінеді.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, Алматы телеарнасы.


Новости партнеров