Алматы Универсиада өткізуге дайын

Алматы Универсиада өткізуге дайын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

4 млн 900 мың теңге. 28-шi қысқы дүниежүзiлiк Универсиада ойындарының бірінші орын иегерлері осындай сыйақыға ие болмақ. Басталуына 12-ақ күн қалған Универсиадаға 57 мемлекеттің өкілі қатысатын болды. Білек сыбана, жарыста орын алудан дәмелі спортшылардың саны 2000-нан асып жығылады. Спорттың 12 түрінен 86 медаль жиынтығы сарапқа салынады.  Атқамінерлер Үкімет отырысында ел өміріндегі маңызды шараның дайындығын пысықтады.  Ұйымдастыру жағын бүге-шігесіне дейін талқылады.


Ауқымды шара өткізерде  әрдайым  қауіпсіздік басты назарда. Алматыдағы Универсиада кезінде қазан бұзар тентектерді құрықтауға жеті жарым мың  сақшы ат салысады. 20-қаңтарда атлетикалық ауыл қазақ елін жерге қаратпай спортшыларды қабылдауға 100 пайыз дайын  болады.Әзірге қатысамын деп өтініш берген  60 елдің 57-сі аккредитациясын алып үлгерген. Бұл қысқы Универсиада тарихындағы рекордтық көрсеткiш. 35 мемлекет 25 пайыздық кепiлдiк жарнаны төлеп қойған.


«Техникалық, санитарлық және экологиялық нормаларға сай емес көліктерге айыппұл салынады. 29 қаңтарда және 8 ақпанда екі күн 9 ірі базар жабық болады. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарға жайлы жағдай жасау үшін мектеп оқушыларына қосымша демалыс беріледі. Бұл көшелердің жүктемесін 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.  


25 емхана, 8 стационар, 215 жедел жәрдем көлігі және 370 медицина қызметкері дайындалды. Ал Ішкі істер министрінің айтуынша Универсиада қауіпсіздігін 7,5 мың қызметкер, оның ішінде 4,7 мың полиция, 1 мың әскери қызметші және 1,4 мың Қорғаныс министрлігі қызметкерлері қамтамасыз етеді. Мұнан бөлек, 150 кинолог пен жарылғыш техник тартылады.


«20 қаңтардан бастап, Универсиаданың нысандарында басқарудың қосалқы пункті орналастырылады. Терроризм мен экстремизмің орын алу қаупін сейілту мақсатында Универсиаданың 9 нысанына террористік шабуылға осал мәртебесі берілді. Жедел штаб құрылды. Ол Атлеттер қалашығында орналасқан»,- деді ҚР Ішкі істер министрі, Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.  


Универсиада кезінде 7117 нөмірі тегін қызмет көрсетеді. Байланыс-орталығы тәулік бойы барлық қажетті ақпаратты береді. Универсиаданың 200 мың билетінің 77 200-і сатылған. Отандық арналардан 200-ге жуық трансляция жасалады деп жоспарланып отыр. Жалпы, бұл жарыс  әлемнің 80 елінде көрсетілмек. Жеңімпаздардың алатын сыйақы мөлшері де белгілі болды. Бiрiншi орынға 4 млн 900 мың теңге, 2 орынға 3 млн 300 мың, ал 3 орынға 1 млн 600 мың теңге бекiтiлiп отыр. Мұндай сыйақы жаттықтырушыларға да қарастырылған.


Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан



Новости партнеров