Алматы қаласы әкімдігі мен «Цеснабанк» ПИК-ті қолдау мақсатында меморандумға қол қойды. Бұған дейін пәтер иелері кооперативтері үйді ұстау мен күрделі жөндеу жүргізуге арналған шоттың комиссиясына айына 2000 теңгеден төлеп келген. Енді төлемақы 10 есе азайтылып, жылына бар-жоғы 2400 теңгені құрап отыр. Осылайша, атқамінерлер үйді әктеп-сылауға деп жинаған халықтың қаржысын барынша айқын ете түспек. Өйткені, кооператив басшылары әр үйге жеке шот ашып, айына комиссия төлеуді қымбатсынып келген. Сондықтан, заңбұзушылықтарға бой алдырыпты. Бұдан былай, тұрғындар өздері-ақ шоттағы жиналған қаржының қайда жұмсалғанын түбіртектен көреді.
«Заң бойынша пәтер иелері кооперативтері әр үйге жеке және әр үйге күрделі жөндеуге арналған жинақтаушы шот ашуы тиіс. Бірақ, тексеру кезінде бұны ПИК басшыларының істемейтіндігі анықталды. Мәселен, бір ғана кооператив 80-ге жуық үйге қызмет көрсетуі мүмкін. Сондықтан, олар шот ашу қымбат деген сылтау айтады. Сосын бір ғана шот ашып қояды. Әрине, ондай жағдайда қаржыны қадағалау қиынға соғады»,-деді Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы, Әнуар ӨСКЕНБАЕВ.
Айта кетейін, Алматыда 8 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үй бар. Оның тең жартысы ескі болғандықтан, күрделі жөндеуді талап етеді. Қала бойынша бұндай үйлерге 824 пәтер иелері кооперативтері қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылы ПИК-ке көңілі толмаған халықтан 3 мыңнан аса арыз келіп түскен. Сондықтан, биыл мамандар 264 кооперативті тексерді.