Көрші елдердің кәсіпкерлері біздің нарыққа қызығушылық танытуда

27.12.2017 21:37

Қала кәсіпкерлернің қарқыны қуатты. Алматыда бір ғана құрылыс саласында биылдыққа 36 миллиард теңгенің тауары шығарылған. Нәтижесінде импорттың көлемі азайған. Керісінше, көршілес елдердің бизнесмендері біздің нарыққа қызығушылық білдіріп отыр. Іскерлердің ісі алға бассын деген жергілікті билік, оларға тегін жәрмеңке алаңын ұйымдастыруда. Қаңтар айының 5-не дейін жалғасатын жәрмеңкеге компания өкілдері мен барша бұқара келіп, қажетті құрылыс заттарына зауыттан тікелей тапсырыс алуға өтініш бере алады.

«12 кәсіопорын қатысып отыр. Олар негізінде құрылыс саласында жұмыс істейді. Барлық ақпарат тегін түрде беріледі. Әрбір стендте ақпарат орналасқан, кіммен, қай кезде хабарласуға болады. Бұл 12 кәсіпорынның негізгі үлесін Алматы қаласының кәсіпкерлерді қолдау картасына кірген кәсіпорындар құрайды», - деді  Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы Дархан САҒЫНБЕКОВ.

Алматыда құрылыс тауарларын шығаратын бас-аяғы 497 компания бар. Оның 17-і ірі және орта өндіріс ошағы болса, қалғаны кіші кәсіпорын. Ашылғанына небәрі екі жыл болған отандық жылу радиаторларын шығаратын мекеме де жәрмеңкеден жаңа серіктес тауып, қарапайым халыққа өз тауарларын ұсынуды құп көрген. Жергілікті бизнесмендер, сырттан келетін тауарға қарағанда өзімізде жасалатын радиаторлардың әлдеқайда сапалы әрі құны да қалтаны қақпайтындығын айтады.  

«Ресей, Қытайдан әкелінетін радиаторларға қарағанда сапасы жағынан біздікі жоғары, баға жағынан 20-25 пайыз төмен. Ресейден енді өзіміздің Қазақстанға жақын қалалардан келіп жатыр. Новосібір, Челябинск деген сияқты. Олар жәрмеңкеге де келді. Оларғы қызық болып жатыр баға жағын санағанда», - деді кәсіпорынның коммерциялық директоры Дамир ЫСМАЙЫЛОВ.