Алматы қаласы кәсіпкерлерінің дәстүрлі конференциясы өтті

Алматы қаласы кәсіпкерлерінің дәстүрлі конференциясы өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту. Бизнестегі бөгеттер. Іскерлер арасында туындаған мәселелер Алматы қаласы кәсіпкерлерінің дәстүрлі конференциясында сөз болды. Жиынға қала әкімі Байыржан Байбек пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев қатысты. Басқосуда орта және шағын бизнесті дамыту жөнінде атқамінерлер мен бизнес өкілдері өз пікірлер мен ұсыныстарын айтты.

Алматы қаласы бизнес үшін тиімді аймақ. Мәселен, шағын орта бизнес шығаратын тауардың 26 пайызы осы Алып шаһарда өндірілсе, қаладағы оның үлесі 33,7 пайызды құрайды. Ал салық түсімдерінің 50 пайызы да солардың есебінде. Соның арқасында, аймақтық жалпы ішкі өнім мөлшері 11,7 пайызға артқан. Шағын орта бизнесте заңды түрде қаладағы әрбір 7-ші адам жұмыс істейді. Осы ретте Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, бизнес өкілдеріне барынша көмек беріп жатқан «Атамекен» Ұлттық палатасына өз алғысын білдірді.

«Шын мәнінде, осы жылдық кәсіпкерлердің конференциясы ашық проблемаларды талқылайтын жақсы алаңға айналды. Әрине, жұмыс болғандықтан кемшіліктерсіз де болмайды. Енді үлкен қала. Алматы - кәсіпкерлердің алтын бесігі деп жақсы айтып кеттіңіз. Біз осы жауапкершілікті сеземіз. Сондықтан әрбір кәсіпкердің, алматылықтардың, біздің салық төлеушілердің проблемаларын шешуге тырысамыз. Енді бізде қолымыздан келгенше мәселелерді жүйелі шешуге талпынамыз.  Ол да мына кәсіпкерлік палатасының қолдауымен жолға қойылған», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Өз кезегінде, Тимур Құлыбаев «Атамекеннің» атқарған жұмыстарына тоқталды. 2013 пен 2017 жылдар аралығында Ұлттық палатаға бизнесті қорғауға қатысты 22 мыңнан астам өтінім келіп түсіпті. Олардың 40 пайызы оң шешім тауып, нәтижесінде 92 млрд теңгеден астам сомада кәсіпкерлердің мүліктік құқығы қорғалған. Өтінімдердің басым бөлігі сәулет, қала құрылысы, салық органдарына қатысты.  «Атамекен» 20 мыңнан астам нормативті-құқытық актілер мен заң жобаларына сараптама жүргізіпті. Мемлекеттік органдар ұсыныстардың 73 пайызын ескеріп,  ұлттық палата жаңа салық кодексінің дайындалуына белсене қатысқан.

«Алматы - кәсіпкерлердің басын қосқан Алып шаһар. Ондағы бизнес климаттың біздің елімізге де әсері бар. Сондықтан бұл салаға аса көңіл бөліп, әкімшілік кедергілерді жою керектігін қарастырудамыз. Жалпы мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасында жақсы қарым-қатынас орнады деп айтуға болады. Енді оны ары қарай дамыту керек. Өздеріңіз білесіздер, Бас прокуратура жанынан кәсіпкерлерді қорғайтын кеңес ашылды. Ол да болса, бизнес өкілдерін барынша қолдауға бағытталды», - деді «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ.

Дәстүрлі жиын соңында кәсіпкерлер ойда жүрген пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Белгілі болғандай, қазір импортты алмастыруға жататын 268 отандық тауар түрі анықталды. Бүгінде 7,9 трлн теңгеге тауар импортталса, оның 1,6 трлн теңге сомасындағы отандық тауар импортты алмастыруға қауқарлы. Елде жарықтандыру, сыр-бояу өнімдері мен құрылысқа қажетті металл құрылымы бар.


Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров