«Алматы марафон 2018»: әлемнің 42 елінен келген 14 мың қатысушы өз бақтарын сынамақ

18.04.2018 в 16:57

Қазақстан мен Орта Азиядағы «Алматы марафон» ірі спорттық шарасы 22 сәуірде басталады. Әлемнің 42 елінен келген 14 мың қатысушы осы жолы Алматы көшелерінде өз бақтарын сынап көрмек. Айта кетейік, «ВИЗИТ АЛМАТЫ» туристік орталығы ірі спорттық шаралар маусымының басталғанын мәлімдеді. Бұл спорт туризмінің әлеуетіне өз әсерін тигізеді дейді. Дене шынықтыру индустриясын дамытуда саяхатшыларды тарту мен экономика өсіміне ықпалын тигізу үшін спорттық нысандардың инфрақұрылымын жаңарту мәселесі де қолға алыныпты.

«Спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында жалпы біздің орталық стадионымыздың  реконструкциясы жоспарланып отыр. Одан басқа бізде Алматыда үлкен теннистік орталық ашылайын деп жатыр. Жалпы жеңіл атлетикалық манеж, Халық Арена жақта салынып жатыр. «Сұңқар» трамплиндерінде қосымша туристік инфрақұрылым салынып жатыр. Жалпы айтатын болсақ, Алматы қаласы бұл тек қана іс-шараларды өткізу ғана емес, бұл спорттық инфрақұрылымға белсенді инвестицияны салу болып табылады», -деді Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан ЖАЙЛАУБАЙ

Биыл Алматыда «Әлем барысы», «Ұлы дала ойындары» секілді 2 мыңға жуық спорттық іс-шаралар жоспарланған. Деректерге сүйенсек  өткен жылы осындай жобалар 500 мыңнан астам адамды қамтыпты. Оған Алматының әсем табиғаты да әсер етті, дейді мамандар. Ал 70 шақырымды құрайтын ультрамарафон немесе Ұлы Дала Марафоны шарасы мамыр айында өтпек. Бірақ биылғы шара таулы қыраттарда ұйымдастырылады. Марафонға бүгіннің өзінде мың екі жүзден астам адам қатысуға ниет білдіріпті. Жеті жүзі қазақстандық болса, қалған бес жүзі шетелдіктер.

«Бұл марафонның ерекшелігі оның географиялық орналасуында. Яғни,  қаладан 1-1,5 сағат қашықтықта болуы тиіс. Бұл өте жақсы, әрине. Мысалы, шетелдіктер осында келген кезінде бірнеше күн цивилизацияны көріп, қала өмірімен тыныстай алса, бір жарым сағаттан соң жабайы табиғатта болып, шатырда тұрып, жүгіріп болған соң  қайтадан шаһарға оралады. Отбасымен келуге керемет мүмкіндік деп ойлаймын», -деді «Tengri Ultra Trail» ультрамарафонының директоры Тимур АРТЮХИН