Алматы облысында 180-ге жуық адам судан құтқарылды

08.08.2018 19:08

Алматы облыстық ТЖД қызметкерлері шомылу маусымы басталғалы 179 адамды судан құтқарды. Бір ғана Алакөл көлінен құтқарушылар 36 адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәл қазір Алматы облысында шомылу маусымы қызған шақ. Сондықтан құтқарушылар жұмысының да қарбалас кезі.

Алматы облыстық ТЖД суда құтқару қызметі сақтық шараларын күшейтіп, жұмысты қарқынды атқаруға кірісті. Алакөл жағалауында жергілікті полиция қызметі және құтқару жасағы бірлесіп рейдтік шаралар ұйымдастырды.

Жұмыс барысында Алакөл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Қуаныш Ыбрайымбаев батып бара жатқан азаматшаны құтқарып қалды. Алакөлдегі демалыс аймақтарының бірінде демалып жатқан Рая Нұрасылова суда аяғы тартылып, бата бастайды. Қасындағы туыстары дабыл қағып көмек сұрайды. Осы сәтті байқап қалған құтқарушы азаматшаны жағаға шығарып, шұғыл түрде қолдан дем алдыру әдісін қолданып, оны өлімнен арашалап алып қалады.

Рая Нұрасылова өзін құтқарған азаматқа алғысын білдіріп, жақсы тілектерін жеткізді.  

Жалпы, Алматы облысында жыл басынан бері 31 адам суға кетіп мерт болды.

Олардың қатарында кәмелет жасына толмаған 8 бала бар, дейді Алматы облыстық ТЖД суда құтқару қызметінің басшысы Сайлаубек Шарапиев.

Жетісудың бас құтқарушысы алдағы уақытта да демалушылардың өзіне және балаларына сақ болып, тыйым салған жерлерде шомылмауын ескертті.  

Айта кету керек, Алакөлде соңы қайғымен аяқталған төтенше жағдай тіркелген жоқ. Қаза болғандардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген жерде шомылған.