Алматы облысында жүк көлігінің жүргізушісі серіктесін жауыздықпен өлтірді. Күдіктіні полицейлер учаскені аралап жүргенде анықтаған. Тәртіп сақшылары 18 қазан күні Алматы-Астана тас жолындағы Қарашеңгел ауылынан 3 шақырым жерде жол жиегінде тұрған камазды байқаған. Жүргізуші мас және өте абыржулы болған. Полицейлер аумақты қарап шығып, бірнеше шақырым жерден мүрдені тауыпты. Күдікті Жамбыл ауданы ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
«Күдікті және қайтыс болған ер адам әр түрлі жүктерді тасымалдаумен айналысып жүрген. Келесі жүктерді тасымалдау барысында Қарашеңгел ауылына жақын жерде олардың араларында жанжал туындап, соның салдарынан ұсталған азамат өзінің серіктесіне бірнеше пышақ жарақатын салды. Серіктесі қашуға талпынды. Алайда, жаңағы күдікті оны қуып жетіп, қолына түскен сайманмен денесінің бірнеше жерінен ұрған. Қазіргі кезде аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды»,- деді Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің бас маманы, Жанар ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.