Алматы облысында жұрттың қалтасын қаққан алаяқ ұсталды

Алматы облысында жұрттың қалтасын қаққан алаяқ ұсталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында көлік сатамын деп, жұрттың қалтасын қаққан алаяқ ұсталды. Ол Қапшағайдағы казинолардан ұтылған адамдардың қымбат көліктерін арзанға алып беруді уәде етіп, бірнеше тұрғынды тақырға отырғызып кеткен.  Полицейлер көптің санын соқтырған сол күдіктіні тұтқындап, қазір тергеп жатыр. Анықталғаны - 27 жастағы айлакер осы уақытқа дейін 8 адамнан айласын асырып, олардың 10 млн теңгеге жуық ақшасын алып қойыпты.


¤Дулат Еренбаев былтыр күзде дәл осындай темір тұлпар сатып алуды жоспарлаған. Тіпті оң жамбасына келетін, құны да қолжетімді көлікті жан-жақтан қарастырып жүрген. Осы тұста оған танысы Салтанат есімді келіншек інісі Тимурдың Қапшағайдағы казинодан ұтылған көліктерді сататынын айтқан. Осылайша, Дулатқа қымбат машинаны нарық бағасынан арзанға беретініне сендіріп, арбауына түсіріпті. Тіпті жанын қоймай 2,5 млн теңгесін бауыры екеуі бірден алып кеткен.


«Үлгерсең 11-де алып кел ақшаны, ақшаны жібереміз арнайы машинаны алып келеміз, деді. Ертесі күні арнайы ақшаны алып барып берем, 2,5 млн-ды. Қасымда куәгерлер бар, қолхатта бар. «Ақшаны бер» деп мен 20 рет бардым. Күнде ертең, осы 15 күннен кейін, 1 айдан кейін, әне дайын болады, міне дайын болады деп сылтауратты», - деді жәбірленуші Дулат ЕРЕНБАЕВ.

 

¤Қос айларкердің құрғақ уәдесінен шаршап, алданғанына әбден көзі жеткесін Дулат жыл басында құзырлы органға арызданған. Сөйтсе, мұнда арзан бағадағы көлікпен жұртты жарылқамақ болған Тимур Тебериковтен алданғандар көп екен. Тәртіп сақшылары тамыз айында түскен ең соңғы арыз бойынша күдіктіні тұтқындап, бұлтартпау шарасын қолданған.


«Интернеттегі WhatsApp, ВК деген әлеуметтік желілерде өзінің «купи-продай» деген топтарға өзінің ойлап тапқан автокөліктерін сатамын деп хабарлама жасайды. Хабарласқан кісілерді Қапшағай қаласындағы Бомбей казиносында жұмыс істеймін деп айтады. Сол жерде ойыншылардың ұтылып қалған көліктерін біз жедел түрде сатып жатырмыз деп алдап, өзінің ойлап тапқан көліктерін сатқан», - деді Талғар ауданы ІІБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі Жаңабай СМАЙЛОВ.

 

¤Алаяққа алданғандардың барлығы дерлік ақшаны Тимурдың үйіне өз қолдарымен апарып беріпті. Толық болмаса да, кепіл сомасын қалдырған. Оның өзі аз қаражат емес. Жәбірленушілердің алды кепілдікке 800 мың теңгесін қалдырса, ендігі біреуі 2 млн-ды бірақ ұстатқан. Полицейлердің айтуынша, Тимур Тебериковдың жәбірленушілерден алған ақшасы 10 млн теңгеге жеткен.


Тәртіп сақшылары алаяқтың құрбандары бұдан да көп болуы мүмкін деп отыр. Сондықтан алданған адамдар болса дереу құзырлы органға хабар беруін сұрауда. Дегенмен, 8 адамның шағымы бойынша қаралған іс келер аптада сотқа жолданбақ. Егер күдіктінің кінәсі түгелімен дәлелденсе, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров