Алматы облысында Конституция күні қарсаңында 150-ден астам шара өтеді

Алматы облысында Конституция күні қарсаңында 150-ден астам шара өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында Қазақстан Республикасының Конституция күні қарсаңында 150-ден астам мәдени-көпшілік шара жоспарланған. Алдағы күндері түрлі әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар ашылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жетісулықтар Ата заңымыздың 23 жылдығын әртүрлі бағыттағы шаралармен атап өтпек. «152 іс-шараға барлығы 200 мың адам қатысады», дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.

Оның сөзінше, Талдықорған қаласында 2 бірдей жаңа мектеп, Ескелді ауданында спорттық алаң, Қарасай ауданында спорт мектебі, Қаратал ауданында коммуналдық базар, Алакөл ауданында сауықтыру кешені, Жамбыл ауданында жаңа көше, Еңбекшіқазақ және Ескелді аудандарында балабақшалар ашылмақ.

Басқарма басшысы бірқатар нысандар қазірдің өзінде пайдалануға беріліп жатқандығын атап өтті.

Мәселен, Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылында 100 орындық бөбекжай есігін айқара ашты. Мектепке дейінгі мекемені аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Хильниченко және К» командиттік серіктестігі іске қосты. Сол сияқты Үшарал қаласында «Тарлан» сауықтыру кешені ашылды. Алакөл ауданынан шыққан атымтай жомарт азаматтар жаңа кешенді барлық қажет заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етті.  


Новости партнеров