Алматы облысындағы ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысындағы ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысындағы ұшақ апатынан кейін, құзырлы орындар әуе кемесіне жауапты компанияға қатысты қылмыстық іс қозғады. Ан-28 ұшағы құлаған орында зерттеу тобы әлі де жұмыс істеп жатыр. Әзірге, апаттың не себепті болғаны анықталған жоқ. Белгілісі - қираған әуе кемесі "ист уинг" компаниясына  тиесілі екен. Осыған дейін, әлгі ұшақтан ақау табылмапты. Сондықтан оның әуеге көтерілуіне рұқсат берілген. 

АН-28 ұшағы Алматы-Шымкент бағытында санитарлық рейс жасау үшін әуеге көтерілген. Әуежайдан ұшқаннан кейін, кешкі 7-лер шамасында локатордан жоғалып кетеді. Бортпен байланыс әп-сәтте үзіледі.

¤Ұшақ Іле ауданына қарасты Междуреченск ауылының маңына құлап, толықтай өртеніп кеткен. Полиция аумақты қоршауға алып, бізді маңайына жолатпауда. Тиісті орган қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

¤Ұшақ техникалық ақауға байланысты жазық далада қонуға әрекеттенген көрінеді. Бірақ электр бағандарының сымдарын іліп кетіп, өртке орануы мүмкін. Куәгерлердің сөзінше, ұшақ алдымен сымдарды үзіп, содан кейін жерге құлаған.

¤«Жұмыстан қайтып келе жатқанмын. Достарым хабарласып, ұшақтың құлағанын айтты. Алғашында сенбедім, бірақ, үйге жақындай бергенде мына жерден өрттің шығып жатқанын көрдім. Қасына жақындағанда өрт сөндірушілер қызыл жалынды сөндіріп жатты», - деді куәгер¤ Александр КУДРИН.

«Мен, мына төбенің арғы жағында тұрғам. Ұшақ дәл менің үстімнен өтті. Оның алды жерге бірінші тиді. Барлығы санаулы секундта болды», - деді куәгер Руслан ЕСІМБЕКОВ. ¤

Әуе апатының нақты себебін анықтау үшін құрылған арнайы комиссия  Астанадан жіберілген. Зерттеу тобына инвестициялар және даму министрінің орынбасары Роман Скляр жетекшілік етеді. «East Wing»  компаниясының өкілдері марқұмдардың туыстарымен кездесіп, көңіл айтыпты. Шығынның барлығын аталған компания өз мойнына алып отыр. Ұшақты басқарған қырғыз азаматы Геннадий Цойды туған жерінде жерлейді екен. 

¤Мамандар кешеден бері ұшақтың құлау себебін анықтап жатыр. Арнайы құрылған комиссия борттағы ең маңызды құрылғыны тапты. Ол, ұшақтың ішінде болып жатқан жайттардың барлығын автоматты түрде жазып отыратын аппарат.

¤«Ұшақтың не себепті апатқа ұшырағанын қара жәшік арқылы анықтаймыз. Біз оны ТМД елдері арасындағы халықаралық авияция лабораториясына жібереміз. Ұшақтың нақты неден құлағаны сол жердің мамандары анықтайтын болады», - деді¤ Инвестиция және Даму министрінің орынбасары Роман СКЛЯР.

Еске салайық, санитарлық авиация Шымкенттің облыстық клиникалық ауруханасында жатқан әйелге медициналық көмек көрсетуге шыққан. Науқас 16-шы қыркүйек күні босаныпты, сол уақыттан бері дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп келеді. Жағдайы тіптен нашарлаған соң білікті мамандарды Алматыдан шақыртқан.

Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, Влад Шишко, "Алматы" телеарнасы


Новости партнеров