Алматы тұрғыны жеке сот орындаушыларының үстінен шағымданды

19.05.2017 17:32

Жеке сот орындаушылары ауадан ақша жасап жүр! Мұндай пікірді арнамыздан көмек сұрап келген алматылық Асқар Бағжанов есімді азамат айтты. Оның сөзіне сенсек, жеке сот орындаушылары одан негізсіз ақы талап еткен. Тіпті сес көрсетіп оны төлетпей қоймайтындықтарын да жеткізіпті. Жоқ жерден пайда болып бір жапырақ ескерту қағазын жібергендердің әрекеті заңды ма?

Жақын күндері Алматылық Асқар Бағжанов жол ережесін бұзғаны үшін бірнеше айыппұл арқалағанын білген. Кейін уақыт жоғалтпастан 17 наурыз күні қарыздарынан құтылыпты. Бірақ 6 мамыр күні жеке сот орындаушыларынан  ескерту қағазы келген. Оның айтуынша, «қарызыңызды төлеңіз!» деген бір тілім хат айыппұлдан құтылған соң уақытынан кешігіп келіпті. Енді сот орындаушылары Асқар Бағжановқа жіберген ескерту қағазы үшін ақы талап етіп отырған көрінеді. Оған келіспеген азамат мән-жайды білу үшін кеңсеге де барғанын айтып отыр. Бірақ ештеңеге қарамастан «ақымызды төле» деген сот орындаушыларын ол Үкімет пен халық арасындағы делдалдарға теңеп отыр.

«Бұл мәселе тек мені ғана емес, көп адамдарды да алаңдатады деп ойлаймын. Маған жақын күндері талап келді. Нақтырақ айтқанда, жеке сот орындаушысынан «айыппұлды төлеңіз» деген ескертпе қағаз. Негізі маған тек жол ережесін бұзғаным үшін ғана айыппұл жазылған. Енді тағы сот орындаушысының қызметі үшін маған 3 мың теңгеден астам ақша төлеу керек екен. Олар арамызда делдал болғаны үшін ауадан ақша жасайды», - деді қала тұрғыны Асқар БАҒЖАНОВ.

Дәл осындай жағдайлар жиі орын алатындығын жеке сот орындаушылары жасырмайды. Егер борышкер қарызын өтеп, ал ескерту қағазы уақытынан кешігіп келсе онда жеке сот орындаушының шығынын төлеудің қажеті жоқ деп отыр. Тек қолында дәлелдейтін түбіртегі болса жеткілікті. Бұл жағдайға негізінен екі тарап та жауапты. Кейде кеңсеге тиісті мемлекеттік мекемеден құжаттар кешігіп жететін көрінеді.

«Бұл жағдай бірінші рет орын алып тұрған жоқ. Ондай тәжірибиде кездеседі. Халықтың бәрінің кеңсеге келуге уақыты жоқ. Электронды пошта немесе басқа да байланыс құралдары арқылы төленген түбіртекті жеке сот орындаушысына көрсетсе болғаны. Біз ескерту қағазы келген күн мен төленген уақытты қарап, одан ақы талап етпейміз», - деді  жеке сот орындаушылар кеңсесінің басшысы Ерлан КӨЛШИЕВ.  

Жеке сот орындаушылары қолдарында нақты жүйенің жоқ екендігін айтып отыр. Егер қолдарында база болса мұндай жағдайлар азаяды деп сенеді.

Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы