Алматы ҰБТ нәтижесі бойынша 1-орын алды. Көптен күткен 140 ұпайды Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп гимназияның түлегі Шиара Құдайбергенова жинады. Ол алтын белгі үміткері болмаған. Бұл туралы аталмыш мектеп директорының оқу ісі бойынша меңгерушісі Эльмира Смаилова мәлімдеді.
«Шиара Құдайбергенова 10-сыныпта бір сабақтан 4 алып қалғандықтан Алтын белгіге үміткер бола алмады. Сондай-ақ, үздік аттестатқа да қол жеткізген жоқ. Алайда нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, ҰБТ бойынша республикадағы ең үздік нәтижені көрсетті», - дейді Эльмира Смаилова.
Айта кетейік, 2018 жылы Алматы бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші - 101,2 баллды құрады. Сондай-ақ, биыл Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу 15-рет өткізіліп отыр. ҰБТ-ға қатысуға 102 447 түлек өтініш білдірген. Оның ішінде қазақ тілінде – 77 224, орыс тілінде – 25 177, ағылшын тілінде – 46.
Сонымен қатар, 2018 жылы нәтижені білу жүйесі жетілдірілді. Енді ҰБТ нәтижесін Telegram мессенджерінде @edugovkz_bot немесе edu.mail.kz сайтында көруге болады.