Алматы зообағында сирек кездесетін құстарды көбейтуге арналған жаңа инкубаторлар пайда болды. Германиядан әкелінген аппарат автоматты түрде жұмыс істейді. Яғни, жұмыртқаны өздігімен айналдырып, балапанға қажетті температураны сақтап отырады. Былтыр ескі инкубатордан 60-қа тарта тұқым алған мамандар жаңа құрылғының көмегімен құстардың санын екі есеге арттырамыз деп білек сыбануда.
Алматы зообағының ұжымы сирек кездесетін құстарды көбейту үшін Германиядан заманауи 8 дана инкубатор сатып алды. Жаңа аппарат қызметкерлердің жұмысын жеңілдеткен. Олар ескі инкубаторда жұмыртқаны күніне 5 уақыт қолмен айналдырып әуре болса, қазір бұл шаруаны қондырғы тындырады. Әрі тиісті температурасы мен ылғалын да көрсетеді екен. Құрылғының құны 7 мың еуро. Мұнда экзотикалық құстардан бөлек, сирек кездесетін құмай, сақалтай, тазқара, бүркіт және қарақұс сынды жыртқыштардың тұқымы жасанды жолмен шығарылады. Ұрықтың қалыптасуы 25 пен 56 күн аралығында.
«Кейбір құстар аталықтары жылына 1-ақ рет туады жұмыртқа. Ал біз Алматы хайуанаттар бағына бір рет туған құстың жұмыртқасын бірінші жұмыртқасын туған кезде инкубаторға аламыз. 20 күннен кейін қайтадан ол екінші жұмыртқасын туады. Сондай жағдайлардан аламыз. Кейбір кездерде құстардың ата-анасы баспай кетеді, жұмыртқаларын тастап кетеді, сондай жағдайларда инкубаторда осылай өзіміз жасанды жолда көбейтіп шығарамыз», - деді Алматы зообағы құстар бөлімiнің меңгерушісі Назгүл ЕЛДЕЕВА.
Мамандар бұдан бөлек, Овоскоп аппаратына да қол жеткізіпті. Ол инкубаторға салынған жұмыртқаны 5 күннен соң тексеріп, жарамды не жарамсыз екенін анықтайды. Жалпы әлемнің көптеген елдері Алматы зообағынан сирек кездесетін құстардың тұқымын алуға ниетті екен. Алайда, соңғы жылдары хайуанаттар бағындағы қанаттыларға тиісті көңіл бөлінбей, олардың көбеюі тоқтап қалған. Әсіресе, экзотикалық және жыртқыш құстардың өсуі күрт төмендепті. Мәселен, былтыр зообақ қызметкерлері ескі инкубатор арқылы әртүрлі қанаттыдан 60-қа тарта тұқым алған екен. Енді жаңа аппараттың көмегімен көрсеткішті екі есе көбейтпек.
«Зообақтағы тоғанның арнасы құрғап, бірталай құстарымызды жоғалтып алдық. Мәселен, бұрын осы жағалауда қаптап жүретін бірқазандар қазір мүлдем жоқ. Сондықтан құстарды көбейтуге көп көңіл бөлудеміз. Биыл тоғанды жөндеуден өткізіп, арнасын қайта толтырамыз. Онда түрлі экзотикалық қанаттылар жүзетін болады», - деді Алматы зообағының директоры Ержан ЕРКІНБАЕВ.
Хайуанаттар бағы биыл экзотикалық құстардың сан түрімен толығады. Қазірдің өзінде мұнда Франциядан екі тотықұс жеткізіліпті. Сондай-ақ зообақ ұжымы наурыз айында алуан түрлі балықтары бар аквариум ашуды жоспарлап отыр. Ол жыл бойы жұмыс істеп, келушілердің көз қуанышына айналмақ.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы