Алматыда 100-ден аса көшенің атауы өзгереді

22.09.2017 01:53

Алматыда жарты жылдан кейін 100-ден аса көшенің атауы өзгереді. Бұл  Наурызбай ауданында орналасқан бірнеше рет қайталанатын көшелер. Қаладағы көшірме көшелердің жалпы саны 400-ге жуықтаған. Ал, Наурызбай және Бостандық аудандарында бұрын соңды атауы болмаған бес көшеге тарихи таным мен дәртүрге сай ат берілді.¤¤

Каменка-3 ықшамауданындағы бұл көшенің пайда болғанына 7-8 жылдың жүзі болған. Содан бері ныспысы нақтыланбаған. Сондықтан жұрт жүріп-тұруға, әлеуметтік қызмет түрлерін шақыруға келгенде жиі қиындыққа кезігетін көрінеді. 

«Біріншіден, мәселен жедел-жәрдем шақыратын болсаңыз, «үйіңіздің көшесін айт», - дейді, такси шақырсаңыз да тағы да сондай проблемаға тап боласың. Өйткені көшенің аты жоқ. Түнде келе қалсаңыз жарық лампасы да жоқ», - деді¤ қала тұрғыны Ғизатолла ХАЛИДУЛЛИН.

¤Бұрын 1-ші көше деп аталып кеткен мына жол бұдан былай «Бақыт көшесі» деп аталады. Одан өзге дәл осы ықшамауданда тағы 3 көшеге «Қыран», «Самұрық», «Бұланды» сияқты атаулар берілген. Сондай-ақ, Бостандық ауданындағы тағы бір «иесіз» көше «Тарлан» аталатын болды. Енді тұрғындар көше атауымен келеңсіз мәселе туындамайды деген сенімде.

¤«Жаңа атау берілді. Жақсы болды, біз қуаныштымыз осының барлығына. Енді бұрын кішкене қиналыс болды. Жедел-жәрдем шақырғанда осы жерімізді таба алмайды. Өзіміз жедел-жәрдемді алып келу үшін алдына шығып күтіп аламыз. Сондай қиыншылықтар болды. Енді болашақ жақсы болады деген сенімдеміз», - деді қала тұрғыны¤ Достан РАШИДОВ.

Көшелердің бұлай деп аталу себебін мамандар ономастика саласына қойылған арнайы тапсырмаға сәйкес жүргізілгенін айтады. Қазіргі ережеге сай әкімшілік орындар мен объектілерге кісі аттарын беруге мейлінше шектеу қойылыпты. Сондай-ақ келесі жылға дейін қайталанатын 106 көшенің атын ауыстыру көзделіп отыр екен.

¤«Бүгінгі таңда кісі есімдеріне объектілер мен көшелерге атау беру жөнінде шектеу қойылған. Сол себептен қазіргі таңда тарихи жер су атауларыменен ұлттық танымға жақын дәстүрлі бес көшеге атаулар берілді. Қазіргі таңда 106 көшенің атауы қайталанады. Орталық көшелермен бірдей. Осы қайталанатын көшелердің белгіленген тәртіппенен ауыстырылу жұмыстарына байланысты іс шаралар атқаралып жатыр», - деді¤ Тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің басшысы Өтепберген ҚАЛАБАЙ.

Жалпы бүгінде қалада 2 жарым мыңға жуық көше бар. Осыған дейін оның 600-ден астамының атауы өзгертілген. 93 көшенің есімі мүлде жоқ болса, 337 көше бірінің атын бірі қайталайды. Көшелерге атау беру мәселесі бірнеше саты арқылы жүзеге асады. Ол үшін аумақтағы халықтың пікірі ескеріліп, қалалық және ономастикалық комиссия қарауына жіберіледі. Одан шыққан тиісті қорытынды қала мәслихатына енгіліп, сонда нақты шешім қабылданады.

Назкен Байтілес, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы