Алматыда 16 жасар қыз жоғалып кетті

Алматыда 16 жасар қыз жоғалып кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бір апта бойы мектепті енді тәмамдаған қыз іздестіріліп жатыр. 16 жастағы Екатерина Клименко алтыншы маусым күні әжесінің үйінен шығып қайта оралмаған. Ол ұялы телефонына алғашында жауап бермеген, кейіннен мүлдем өшіріп тастапты. Жеткіншектің ата-анасы полицияға шағым түсіріп, еріктілерді тартыпты. Бірақ әзірге еш нәтижесіз. Қазір қыздың тек ұялы телефоны ғана табылды.

16 жасар Екатерина Клименконы ата-анасы алтыншы тәулік сабылып іздеуде. Алгебра пәнінен емтихан тапсырар күні ол әжесінің үйіне кетіпті. Үй шаруасына көмектесіп, кешкі бестер шамасында шығып кеткен көрінеді.

«Сағат түнгі 11-12 шамасында келген. Әжесі маған хабарласып, оның үйде екендігін айтты. Біз оған ұрыстық, әрине, емтиханға дайындалу керек, оның үстіне әжесінің уайымдайтынын жеткіздік. Ол тұтқаны қоя салып, заттарын алып шығып кеткен. Алғашқы тәулікте ол ұялы телефонын өшірген жоқ. Хабарласқанымда ол тұтқаны алып, үндемей тұратын»,-деді Екатерина Клименконың анасы Оксана КЛИМЕНКО.

Бірақ бұл ұзаққа созылмаған. Ұялы телефоны бір қосылып, бір өшіп тұрса, кейіннен мүлдем хабарсыз кетіпті. Катяның ата-анасы оны емтихан тапсыруға келеді де күткенімен, үміттері ақталмады. Айтуларынша, қыздарының ұялы телефонын тәртіп сақшылары көрші үйлердің бірінен тапқан. Бірақ ондағылар байланыс құрылғысының қайдан пайда болғанын түсіндіріп бере алмады. Қазір аудандық ішкі істер басқармасы іздестіру жұмыстарына кірісіп кеткен.

«Бірінші кезекте арнайы тергеу тобы құрылып, оның құрамына өте жауапты, кәсіби ізкесушілерді қосқан болатынбыз. Нәтижесінде қазір Екатеринаны 60-қа жуық ізкесушілер іздестіру барысында. Бұл оңтайлы отбасының тумасы екен. Қандай да бір жанжалдар туындауы мүмкін деген болжамды жоққа шығарып отырмыз қазіргі таңда. Қайткенде де, бұл бойжеткенді аман-есен табамыз деген үмітімізді үзіп жатқан жоқпыз»,-деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Екатеринаның достары мен таныстары оның қайда екендігінен бейхабар. Кейбірі Атакент маңынан, енді бірі сауда орталықтарының бірінен көргенін айтуда. Әлеуметтік желідегі парақшасында Екатерина жігітімен айырылсқанын және өкініш пен жалғыздық туралы посттар жариялап келіпті.

«Катюша, мы тебя ждем! Все очень переживают, и чтобы ни было, просто найди телефон хотя бы, прямо сейчас позвони, что ты жива, здорова, и где ты. Мы сразу же придем!»,-деді Екатерина Клименконың анасы Оксана КЛИМЕНКО.

Қыздың үстінде ашық түсті джинсы шалбар, қара кеудеше мен тор көзді жейде болған. Қолында сұр сөмкесі бар. Екатерина Клименко туралы білген немесе көргендер болса, ата-анасын ұялы телефонына 87753065594, 8702 2897171 немесе 102 нөміріне хабарласуын сұрайды.

Азамат Әуезхан, Влад Шишко, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы.


Новости партнеров