Алматыда 260 мыңнан астам шағын және орта кәсіп субъектісі тіркелген

28.12.2017 22:05

Биыл халықты «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 3 миллиардтан астам теңге қарастырылған. Қыруар қаржы жергілікті және республикалық қазынадан бөлініп отыр. Енді бұқараның жаппай кәсіппен айналысуына ерекше ден қойылатын болады. Осыған орай «Атамекен» қалалық кәсіпкерлер палатасы салалық бизнесті дамыту керек деген бағытты ұстануда.

Фарида Мерхамитқызы жолдасымен бірігіп, бизнес саласын ұршықша иіріп жүрген жандардың бірі. 20 жыл бұрын құрылған кәсіпорын қазір отандық киім индустриясын дамытуға өзіндік үлесін қосып келеді. Қытайдан елге оралған қандастарымыз 90-шы жылдарда кәсіпті бірден бастап кету оңайға соқпады, дейді. Алғашқыда небәрі 2-3 жұмысшысы бар тігін шеберханасы уақыт өте үлкен цехқа айналады. Қазір компания 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Мекеме мемлекеттен кәсіпкерлерге берілетін несие де алып, оны толық ақтапты.

«Өндіріс болғандықтан мемлекеттің қолдауындағы кредиттің пайызы аздау. Мысалы, жеке банктар бізге 14-тен берді, оның 5 пайызын Үкімет төледі. Сонда бізге 7 пайыз қалды, бізге ол тиімді. Ал енді өндіріске екінші дәрежелі банктен коммерциялық кредит алып, өндіріске салу өте ауыр, онымен шығу қиын», - деді кәсіпкер Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ.

Кәсіптің көзін таба білген отбасы тігін өнеркәсібімен қатар білім саласын дамытуға да ден қойған. Фарида Мерхамитқызының жұбайы Талғат Мамырұлы ғылыми-зерттеуші қызметінде жүргенде, бар береке бизнесте екенін ұғынып, халықаралық қазақ-қытай тіл колледжін ашыпты. Құрылғанына 10 жыл болған оқу ордасында қазір 800-ден астам студент білім алып жатса, 70-тей маман жұмыс істейді.

«Жалпы колледждің материалдық-техникалық базасын жасақтау, ұстаздар құрамының біліктілік деңгейін қалыптастыру бәрі оңай болған жоқ. Дегенмен бүгінгі таңда бұл колледж өзінің айқын бағыт-бағдарымен, сапалы біліменен еліміздегі кәсіби-техникалық білім беру саласында танымал оқу орнына айналды», - деді Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің директоры, кәсіпкер Талғат МАМЫРҰЛЫ.

Қазір қалада кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 4 өңірлік бағдарлама жұмыс жасайды. Бұқараның жаппай кәсіппен айналысуына бар жағдай қарастырылған. Әйтсе де мамандар салалық бизнесті дамыту кенже қалып отыр деген пікірде. Сондықтан келесі жылдан бастап кәсіпкерлер палатасы салалық бағдарлама әзірлеуді қолға алыпты.

«Бүгінде салалық кәсіпкерлікті қолдауға нақты бағдарламалар жетіспейді. Бұл мәселені салалық қауымдастықтар талай көтерген. Жақында Үкімет тарапынан жоба қолдау тауып, жаңа жылдан бастап сала бойынша кәсіп жүргізуге бағдарлама дайындау жоспарланып отыр. Яғни жиһаз жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, көлікқұрастыру сияқты бизнеске көңіл көбірек бөлінеді», - деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Алма ТҰРЛЫБАЕВА.

Қазір шаһарда 260 мыңнан астам шағын және орта кәсіп субъектісі тіркелген. Былтырға қарағанда 7 пайызға өсіпті. Шағын бизнес бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар саны 572 мыңнан асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,5 пайызға жоғарылағандығын байқатады.

Назкен Байтілес, Рагит Шүкірәлиев,  «Алматы» телеарнасы