Алматыда 300-ден астам адам еңбекақысын ала алмай жүр. Бұл еңбек инспекциясына арызданған жұмысшылардың тіркелген ресми саны. Ал осы күні шын мәнінде қанша адамның жалақыдан қағылып жатқаны беймәлім. Жалпы қалада жұмысшылардың жалақысын жеп, зар илеткен басшылар артып кетіпті. Олардың дені жеке кәсіпкерлер екен. Іскерлер жұмысшыны керегінше пайдаланып, ақысын беруге келгенде аузын құр шөппен сүртетін көрінеді. Жыл басынан бері еңбек инспекциясына 897 адам арызданып, олардың 60 пайызына тиесілі 108 миллион теңге өндірілген. Ал қалғандары айлығын даулап, әлі де сенделіп жүр.
«Бүгінгі таңда 4 кәсіпорында еңбекақы қарызы бар. Оның біреуі құрылыс материалдарын шығаратын мекеме болса, қалғандары құрылыс саласындағы мекеме болып есептелінеді және шағын кәсіпкерлерік субъектісіне жатады. Тапсырыс берушіден ақша түспейді деп сылтауратады. Кейбір кезде шотымызда ақша жоқ дейді немесе шотымызға арест қойып қойған деп айтады. Түрлі сылтаулармен кешіктіріп төлеп жатады еңбекақыны», - деді Алматы қаласы Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы басшысының орынбасары Алмат ҚАЛДЫБАЕВ.
Дегенмен, сылтау тапқыш басшыларға енді тықыр таянады. Жауапты басқарма өкілдері жұмысшыға жалақысын бермей жүргендерге тексерісті тоқтатпайтын жеткізді. Оларды әкімшілік жазаға тартып, айыппұлдың астында қалдырмақ. Айта кетсек, жұмысшыға ақысын уақытылы төлемеген кәсіпкерге 150 мың теңгеден бастап, 240 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.